Мемлекеттік телеарнаға бөлінген қаржы қайда кетіп жатыр?

Мемлекеттік телеарнаға бөлінген қаржы қайда кетіп жатыр?

Қазақстан телеарналары таяу арада ақпараттық кеңістікті өзге елдің ықпалынан кері қайтара алмайды. Өйткені, телеарнаның өнімдерін ұлттық аудиторияға бұру ісі қолға алынған жоқ. Бұл іспен айналысуы тиіс телевизия басшылары мемлекеттің ақпараттық саясатын насихаттау үшін үкімет бөлген миллиардтарды барынша асап қалуға, жеп қалуға, жеке басын байытуға жанталасып отыр. Айтылған сөзге айғақ ретінде мынаны айтсақ та болады.

Соңғы жылдары тележобаларды телевизия сырттан, аутсорсинг тәсілі арқылы жасатуды әдетке айналдырды. Оның да тиімді жақтары бар. Біріншіден, далиған штат кестесінен құтылады. Керек емес артық кадрларды қысқартып, жоғары және орташа деңгейдегі менеджерлердің жалақысын көбейтуге мүмкіндік ашылады. Екіншіден, миллиардтаған қаржыны күн сайын жаңарып жатқан техника сатып алуға, оны жөндеуге немесе басқаруды үйренуге оқытуға қаржы жұмсаудан тыйылады. Үшіншіден, тележобаның сапасына мердігер мекеме жауапты. Шығармашылық тұрғыдан да, техникалық тұрғыдан да. Келісім шарт бойынша сапасыз өнімді қайта өңдеуге немесе мүлдем қабылдамай, жұмсалған қаржыны өтеп алуға болады.

Бірақ бізде бәрі керісінше. Телеарна басшылығы мердігер компанияның ығына жығылады. Орта жолда сын айтып, өткізбей отырған қырсық редакторды басшылық мердігердің ыңғайына жығып береді. Өйткені, аутсорсингтің сүбелі сүйегін ұстаған продакшн директоры не телеарна басшысына “откат” төлейді, не әлгі басшының жақын туысы болып келеді. Ең қызығы сол, аутсорсингке берілетін жобалар ашық байқаудан өтпейді. Аты дардай азаматтарды “Көркемдік Кеңес” дегенге мүше етіп қояды да, телеарна басшылығының “батасын” алғандардың қағазына жаппай қол қойғызады. Шын мәнінде “Көркемдік Кеңес” мүшелері болашақ бағдарламаның не жайлы екенін білмейді де.

“Қазақстан” ұлттық арнасын мысалға алсақ. Осындай “майшелпекке” қол жеткізген “Синема-продакшн” деген студия қазір “24 сағат табиғат аясында” деген реалити-шоуды түсіруге аттанды. Продакшн-студия елдің назарын өзіне аударатындай мынау деген жоба жасап көрмеген. Сұрап білгенім, қайсыбір арнадан әнші-бишілерді алдап-әзілдейтін “Келесы кым?” (өздерінің айтуы бойынша. Бәлкім, “Келесі кім?” дегені шығар) деген бадарлама жасапты. Ал түсірілетін жаңа жоба шетелдік телеарналардың “Man, Woman, Wild”, “Survive”, “Dual Survival” сияқты жобалардың көшірмесі. Шығармашылық топ 98 пайыз орыстілді. Бағдарламаның жүргізушісі ғана қазақша біледі. Продюсер, режиссер, оператор, видеоинженер мемлекеттік тілден мүлдем мақұрым. Сценарийлері түгел орысша жазылған. Оны бір жұмыссыз жүрген қазақ журналисті қазақшаға мықшыңдап аударады. Бірақ ондағы диалог пен репликада қазақы реңк пен тілдік қордың майы сылынып тасталған. Мысалы, Серік Сәпиев бағдарлама жүргізушісі туралы: “Я горжусь, что мне довелось испытать все трудности с таким человеком. Я даже готов с Нуржаном идти до самих медных труб!”- дейді. Бұл сөз, сөйлем орысшаға жарасатын-ақ шығар. Ал қазақшалағанда телпегің қайда қалады? Роза Рымбаева, Бекболат Тілеухан қиналмайтын шығар. Ал қазақшаға шорқақ Ғани Қасымов, Серік Сәпиев сынды орыстілді мырзалар ертең қазақша бағдарламадан эфирде тілін шайнап тұрса, өкінбейді ме? Өкінбесін делік. Сонда бағдарламаның түпкі мақсаты – Ғани Қасымов сияқты азаматтарды әйтеуір бір көрсетіп қалу ма? Шын мәнінде кез-келген бағдарлама айтулы азаматқа жағыну үшін емес, көрерменге, халыққа ұнау үшін жасалатын шығармашылық жұмыс қой! Ал мына “жаңашылдар” ондай талапты мүлдем ұмытқан сияқты.

Жаңа жоба туған елдің табиғатын таныстыруды көздепті. Бірақ бағдарлама барысында дәл сол жердің аңыз-әңгімесін, тарихын қаузаса – көрерменнің де тілегі сол емес пе? Жоқ! Орыстілділер қазақтың ұлттық кодын қайдан ұқсын?! Кейіпкерлер улы жәндік шақса қандай дәрігерлік көмек берілетінін айтып, қысыр сөзбен уақыт өлтіреді. Бір сөзбен айтқанда бағдарламаның концепциясы өлі күйінде туылып, өлі күйінде іске асырыла бастады. Президенттің тапсырмасы осылайша талапайға түсіп жатыр демеске лаж жоқ. “Мұндай бағдарламаны қазақшаға аударып ненің әлегі екен?” деген де ойға қаласың. Одан да сол орыс тілінде жасап, орыс редакциясынан орыс аудиториясына ұсына бер! Қазақтың тілі мен дәстүрін білмей тұра қазаққа қажетті дүниені ұсынамын деу – шөлдеген адамға ыстық таба нан бергенмен тең емес пе?!

Көкейді сан сұрақ мазалайды. Бұл тележоба туралы байқау қай жерде жарияланды? “Синема-продакшн” студиясының аты қалай шаппай бәйге алды? Білуімізше, бүкіл продакшн-студия түсірілетін жобаның сценарийін алдын-ала бас редактор бекітіп беруі тиіс. Ал “Синема-продакшн” дайын емес сценариймен түсіру жұмыстарына кірісіп кетті. Телевизия “кухнясының” тағы бір ерекшелігі – мердігер компанияға телеөнім дайындалып, толық қабылданғасын ғана қаржы аударылады. “Синема-продакшн” бұл заңдылықтың бәрін аттап кетіп отыр. “Синема-продакшн” Ерлан Қарин үшін мың жерден сенімді болса да, қаржы саласы осылай былыққан сынды.

Естуімізше, “Қазақстан” корпорациясының төрағасы Ерлан Қаринге ұлттық арнаны жалпы халық көретін арнаға айналдыру үшін екі жыл уақыт беріпті. Енді төраға екі жылда “Қазақстан” ұлттық телеарнасын ең айтулы, ең мықты, тіпті, Францияның ең рейтингті TF1 телеарнасына теңестіруді аңсапты. Аңсау бір бөлек те, оны іске асыру бір бөлек. Телеарна саласының мамандары жоқ емес. Олар шақырылмайды! Барлық гәп осында.

Эфирі ұланғайыр елдің 90 пайызынан астамын жабатын телеарнаның бірі – “Хабар”. Онда да аутсорсингтік жобалардың байқауы ашық емес. Бұл телеарна басшылығы да “Қазақстан” ұлттық арнасы секілді “тәуекелшіл”. Жаңа тележобалар мен көркем фильмдерді бірнеше жылдан бері тек бір продакшн-студияға ғана беріп келе жатыр. Ашық конкурс өткізу, аудиторияның бетіне тіке қарау дегенді ұмытқан. Астарына үңіліп, тексеретін болса, ол жерден де біраз былықтың ашылатыны сөзсіз. Шетелге хабар тарататын “Қазақ ТВ” телеарнасы “Хабардың” еншілес бір бөлімі. Мұнда да қазақ тілінде шығатын, қазақтың салты мен дәстүрін, ән мен жырын, тарихы мен аңызын насихаттайтын жобалардың сценарийі түгел орысша жазылады. Орыстілді қауым қазақтың салт-дәстүрі туралы Уикипедиядан көшіріп алады да, соны қайтадан қазақтілді аудиторияға ұсынады. Қазір бұрын болмаған дәстүрдің қаптап, тіпті, көрер көзге ерсі болып кеткені де осындай “Қазақ ТВ” сияқты телеарналардың осындай жүрдім-бардым, фейк бағдарламасының әсерінен шығар. Бұл мәселе бойынша журналисттік зерттеу әлі толық аяқталған жоқ. Сондықтан, продакшн-студиялар мен бағдарламалардың атын әзір құпия ұстауды жөн көрдік.

Тоқтар Жақаш, журналист

halyknews.kz

Айдары:  Түтін
22.08.17
405 оқылды

Пікір саны (0)

Жаңа пікірді жазу

  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Рұқсат етілген HTML тегтер: <a> <em> <strong> <cite> <code> <ul> <ol> <li> <dl> <dt> <dd>
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.

Пішімдеу нұсқаулары туралы толығырақ ақпарат

CAPTCHA
This question is for testing whether you are a human visitor and to prevent automated spam submissions.