Қазақстанның солтүстігінде адам ресурсы жетіспейді

Қазақстанның солтүстігінде адам ресурсы жетіспейді

Сарапшылар бүгінде Қазақстанның солтүстік бөлігінде еңбекке қабілетті жастағы азаматтар азайып бара жатқанын айтып, дабыл қағуда. Бұл өз кезегінде қоғамды алаңдататын мәселе екені анық. Бүгінде бағдарлама аясында оңтүстік өңірлерден солтүстік облыстарға көші-қон тек ерікті түрде ғана іске асырылады, яғни отбасыларды мәжбүрлі түрде қоныстандыру деген жоқ. Егер де қазіргі демографиялық, көші-қон үрдістері сақталар болса, солтүстіктегі төрт облыста еңбекке қабілетті адамдарды жоғалту қаупі шынымен де бар. Есептеулерге сүйенсек, 2050 жылға қарай солтүстік өңірлердегі халықтың саны 1 млн адамға азаятыны белгілі болып отыр. Енді осы жағдайға орай дер кезінде қажетті іс-қимылдарды жүзеге асыру үшін жан-жақты пысықталған, салмақты қадамдар қажет болып тұр.

 

Солтүстік өңірлерге қоныстанатындарға тегін баспана керек

Еңбек нарығын жаңғырту мақсатында еңбеккерлерді артық жұмыс күші бар өңірлерден жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге қоныстандыруда өзекті мәселелер баршылық. Осы мемлекеттік тұрғыдан алғанда, аса маңызды істің жергілікті жерлерде орындалуы қанағаттанарлықтай еместігі бұған дейін қозғалған болатын. Биыл бұл мәселені көтерген Парламент Мәжілісінің депутат Кәрібай Мұсырман қоныс аударушыларды қабылдаудың 2017-2019 жылдарға өңірлік квотасын бөлу мәселесін қайта қарау қажеттігін қадап айтты. «Өйткені үстіміздегі жылы артық жұмыс күші бар өңірлерден жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге 288 отбасыны қоныстандыру белгіленген. Алайда бұл жеткіліксіз. Себебі бір ғана Солтүстік Қазақстан облысы биыл квотадағы 110 отбасының орнына 310 отбасыны қабылдауға дайын екендігін мәлімдеп отыр», - деді К. Мұсырман. Оның пайымынша, жұмыс күші артық өңірлер тұрғындарының еңбек күші жетіспейтін облыстарға бірнеше отбасы болып, шоғырлана көшкенін ұйымдастырған жөн. Мұның өзі, олардың барған жерлеріне тезірек бейімделуіне оң әсерін тигізеді.

«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша қоныс аударушылардың тұрғын үйді жалға алуына бөлінетін қыруар қаржыға олардың өздері көшіп баратын елді мекендердегі босап тұрған үйлерді сатып алуына рұқсат беру керек. Бұған қоса, қоныс аударушылардың өздері үшін тұрғын үй салуына мүмкіндік туғызу және оларды тиісті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету қажет. Бұл шаралар жергілікті атқарушы органдардың қоныс аударушыларды баспанамен қамтылуын әлдеқайда жеделдетері сөзсіз. Үкімет бөлген квотаның өткен жылы толық игерілмеуінің негізгі себебі осы екендігі ескерілуге тиісті», - дейді депутат.

Сонымен қатар ол тұрғын үйді жалға алу келісімшартында егер қоныс аударушының отбасы кемінде 5 жыл бойы тұрған жағдайда оған сол тұрғын үйді тегін жекешелендіру құқығы берілуін қарастыру керектігін ұсынды.

 

Ресейдегі қандастар елдің солтүстігіне келсе игі

Жалпы, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарының қоныс аударушыларды қабылдауға әлеуеті бар елді мекендердің тізбесін жасап, олардағы білім беру мен денсаулық сақтау мекемелерінің, оқушылар мен тұрғындардың санының азаюына байланысты жабуға мораторий жариялаған жөн секілді. Себебі мектептердің жабылуы ауылдың жойылуына алып келетіні айтпаса да белгілі.

Биыл ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында депутат Әли Бектаев шағын жинақталған мектептердің проблемасы бойынша егжей-тегжейлі мәліметтерді жариялаған еді. Өкінішке қарай, кезінде тұрғындардың Германияға, көршілес Ресейге көшіп кетуіне байланысты мектептердегі бала саны күрт азайған және ол үрдіс әлі де жалғасуда. Өңірлердегі кейбір  аудандарда сыйымдылығы 420, 600, 800 орындық мектептерде балалардың саны 2-3 есеге аз. Атап айтқанда, осындай жағдай Ресеймен, Қытаймен шекаралас орналасқан облыстардың барлығында орын алып отырғандығын атап өтті. Қазақстандағы 7 100 орта білім беру мекемелерінің 3 036-сы шағын жинақталған мектептер және онда 206 мың бала оқиды.

«Олардың 70 пайызы шекараға жақын ауылдарда орналасқан. Бұл мектептердің ең үлкен проблемасы - ұстаздардың тұрақтамауы. Педагогикалық жүктемелердің аздығынан мұғалімдердің жалақысы өте төмен. Айына 40-50 мың теңгеге де жетпейді. Ал ұстаздардың үстеме сағатын көбейту мақсатында оларға ұқсас пәндерден қосымша сабақ беру заң жүзінде қаралмаған. Айлығы төмен, оның үстіне әлеуметтік мәселелері шешілмеген мұғалімдер жиі ауысады. Кейбір мектептерде ұстаздардың жетіспеушілігі оқушылардың білім сапасына кері әсерін тигізіп, көптеген отбасылардың көшіп кетуіне себепші болуда. Бұл өз кезегінде онсыз да тұралап тұрған ауыл мектептерінің жабылуына әкеліп соғуда. Ал мектептердің жабылуы ауылдың жойылуына алып келетіні айдан анық»,-деп түсіндірді депутат.

Белгілі болғандай, шекара аумағында орналасқан 1 282 ауылдық елді мекеннің 360-ында мүлдем мектеп жоқ. Өкінішке қарай, тек былтырғы оқу жылының өзінде 84 шағын жинақталған мектеп жабылып қалған.

«Осы уақытқа дейін Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында барлығы 530 ауылдық елді мекен қысқарып кеткен. Сарапшылардың болжамына сүйенсек, қазіргі демографиялық дисбаланс сақталған жағдайда, 2050 жылға қарай солтүстік өңірлердегі халықтың саны 1 млн. адамға азаятыны белгілі болып отыр»,-деді ол.

Осы орайда жоғарыда аталған мәселелердің өте үлкен экономикалық, әлеуметтік және саяси маңыздылығын ескере отырып, шекарада орналасқан ауылдардың жағдайын, ондағы шағын жинақталған мектептердің проблемасын шешуді қамтитын арнайы бағдарлама қабылдау ұсынылды. Бұл тұрғыда шағын жинақталған мектептерде ұстаздардың жалақысын көтерумен қатар, «Дипломмен ауылға» бағдарламасының талаптарын қайта қарап, шалғайдағы және шекарадағы ауылдарға баратын мамандарға қосымша әлеуметтік қолдау және ынталандыру шараларын қарастыру қажеттігі байқалады.

«Еліміздің ішкі көші-қонын реттейтін арнайы бағдарламалардың талаптарын өзгерте отырып, оңтүстік өңірлерден көп балалы отбасыларды ұлтына қарамай, солтүстіктегі шалғай және шекара бойында орналасқан ауылдарда жаңа үйлер салып, жұмыспен қамту шараларын қарастырып, мақсатты түрде қоныстандыру мүмкіндіктерін қамтуды ұсынамыз. Мұнымен қоса, көршілес Ресей, Қытай мен Моңғолияның Қазақстанға жақын орналасқан облыстары мен аймақтарындағы қандастарымызды табиғаты мен климаты, жер жағдайы ұқсас еліміздің солтүстік-шығыс бөлігіндегі елді мекендерге шақырып, қоныстандырудың мақсатты шараларын қарастыруды ұсынбақпыз. Жоғарыда айтылған мәселелер қосымша қаражат қарастырып, біршама әлеуметтік проблемаларды шешуді талап ететіні рас. Дегенмен бұл шаралар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен іске асқалы отырған «Туған жер» жобасының негізгі мақсаттарына толық сай келетіні даусыз»-деп атап өтті сенатор.

 

Конкурссыз жер телімдері берілмек

Қазіргі уақытта жер конкурс арқылы беріледі. Ал енді Үкіметте бағдарлама қатысушыларына ауыл шаруашылық жерлерін, коммерциялық тұрғыда пайдаланылатын немесе балабақшамен айналысатын жерлерді конкурссыз беру жолдары шешіліп жатқан көрінеді. Ол үшін тиісті заңдарға өзгерістер енгізу қажет болып тұр.

«Үкімет ішкі қоныс аударушыларды қабылдайтын төрт облысты, яғни Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстарын, сондай-ақ шығу өңірлері ретінде бес облысты: Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы, Маңғыстау, Қызылорда облыстарын айқындады. Ағымдағы жылы Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Алматы облыстарында солтүстік өңірлердің жұмыс берушілерінің қатысуымен бос орындар жәрмеңкелері өткізілді. Нәтижесінде, 2388 отбасы солтүстік өңірлерге ұсынылған жұмысқа орналаса отырып, ерікті түрде қоныс аударуға ниет білдірген. Бүгінге бағдарлама шеңберінде оңтүстіктен солтүстік өңірлерге әзірше 172 отбасы ерікті түрде қоныс аударды және 1279 отбасы қоныс аударуға дайын. Әрине, бұл өте аз көлем. Сондықтан біз бұл мәселені жеке қарап, талдау жасадық»,-дейді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетов.

 Атап айтқанда, бүгінде оңтүстіктің азаматы солтүстікке жұмыс бабымен көшкісі келсе, көші-қон шығындарын өтеу үшін әр отбасы мүшесіне 35 АЕК көлемінде 79 415 теңгеден төленеді. Екіншіден, барған жерінде тұрғын үй мәселесін шешу үшін, бір жылға дейін пәтер/үй жалдайтын болса, жалға алатын ақшаны айына 34 мыңнан 68 мыңға дейін бір жыл бойы төлеп беру ескерілген. Қазіргі кезде министрлік ай сайын төленетін қаражаттың есебінен ауылдық жерден үй сатып алу мүмкіндігі болса, бір жылдық пәтерақыны бір мезгілде төлеп беру жолдарын қарастыруда. Оның сөзінше, егер де аталған 4 солтүстік облыста ағымдағы демографиялық және көші-қон үрдістері сақталатын болса, алдағы 5 жылда оларда экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың саны 167 мың адамға азайып кетуі ықтимал.

Осы орайда сол 4 облыста еңбекке жарамды халық санын сақтап қалу үшін өңірлермен келісе, алдағы 5 жылда кемінде 59 мың отбасының қоныс аударуын ұйымдастыру қажет деп шешілді. Ол үшін азаматтардың ерікті қоныс аударуының қосымша ынталандыру шаралары әзірленген екен. Бұл ретте қоныс аударушыларға көші-қон шығындарын өтеуге және тұрғын үй жалдауға субсидияны сақтау, қоныс аударушылардың барлық орналасу мәселелерін шешіп, тұрақты жұмысқа орналастыруға дайын жұмыс берушілерге субсидия қарастыру, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы қоныс аударушыларға тұрғын үй несиесі мен субсидияларды берудің жеңілдетілген жүйесі, қоныс аударушыларға ауыл шаруашылығымен айналысу үшін өтеусіз пайдалану құқығында конкурссыз жер телімдерін беру, жаңа бизнес идеялары бар «Бастау» бизнес жобасы бойынша білім алған және кәсіпкерлер палатасының оң қорытындысына ие болған қоныс аударушыларға гранттар беру, сондай-ақ «Серпін-2050» жобасына қатысушы түлектерді олардың шыққан өңірлеріне қарамастан бағдарлама қатысушылары құрамына енгізу тетіктері ескеріліп отыр.

«Осылайша, жобалық басқару аясында біз 2018-2022 жылдары ерікті түрде қоныс аударуға жоспарлаған 59 мың отбасы бойынша бағдарламаға қыркүйек айында, сондай-ақ кейбір заңнамалық актілерге жыл соңына дейін өзгерістер енгізу жұмыстарын жасап жатырмыз. Бұл шараларға қажетті қосымша  қаражат толықтай есептеліп, бүгінде Қаржы министрлігімен бірге пысықталуда», - деді ол.

ҚазАқпарат

Айдары:  Текемет
09.08.17
680 оқылды

Пікір саны (0)

Жаңа пікірді жазу

  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Рұқсат етілген HTML тегтер: <a> <em> <strong> <cite> <code> <ul> <ol> <li> <dl> <dt> <dd>
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.

Пішімдеу нұсқаулары туралы толығырақ ақпарат

CAPTCHA
This question is for testing whether you are a human visitor and to prevent automated spam submissions.