Білім және ғылым министрі ұлтпаттарды менсінбей жүр

Білім және ғылым министрі ұлтпаттарды менсінбей жүр

Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев білім беру саласындағы реформалар жөнінде өзін пікірсайысқа шақырған ұлтшыл патриоттардың ешбірін менсінбей қойды. Парламент отырысында оны депутат Бекболат Тілеухан ашық дебатқа шақырған. Бірақ министр депутат ұлтпаттың (ұлтшыл патриоттың) ұсынысын жауапсыз қалдырды. Бұдан кейін өзін ұлтшыл патриот кейпінде көрсетіп жүрген Мұхтар Тайжан министріді телеарнада айтысып-тартысуға (дебатқа) шақырып еді, тағы да келісім бермеді.

Ұлтпаттардың дебатшыл болып кетуінің бір-бірімен байланысты екі себебі бар. Жақында Инвестиция және даму вице-министрі Ошақбаев Денсаулық сақтау министрі Біртановты теледебатқа шақырып, екеуі әлеуметтік салаға қатысты миллиондаған көрерменнің алдында пікірін білдірген. Бұл дебат бір жағынан мемлекеттік шенеуніктердің ашықтығын, демократиялық қоғам принципінің келбетін көрсеткендей болған, ал өзара дебат өткізудің астарында Біртанов пен Ошақбаевтың өзін-өзі жарнамалау әрекеті жатқан-ды. Сөз жоқ, бұл дебат әйтеуір бір сылтаумен өзін-өзі жарнамалап қалғысы келетін Тайжан, Тілеухан сияқты қоғам белсенділерін желпіндіріп тастады. Олар да миллиондаған аудиториясы бар мемлекеттік телеарна төрінде білдей министрмен салғыласып тұруды армандаған. Оның үстіне, министр Сағадиев – ұлтпаттар үшін «жүндей түтуге қолайлы» адам. Оның білім беру саласында жасап жатқан реформалары жұртқа тым радикал көрініп, қоғамдық пікірдің қатты қарсылығына душар болып келеді. Министрді жекпе-жек дебатқа шақырған ұлтпаттар өздерінің осы артықшылығын пайдаланып қалмақшы болды. Бірақ, олардың бұл арманы жүзеге асқан жоқ. Бекболат Тілеуханның ұсынысына жауап бермей құтылып кеткен Сағадиев Мұхтар Тайжанның бетінен алып, төсіне шабатын сөз айтып, «Тайжанға тоқталсақ... Бұл менің функцияма кірмейді. Бұл маған қызық емес. Мен онымен кездеспеймін» деп, бұтқа толып жүрген ұлтшыл патриоттың бәсін тым төмендетіп тастады. Әрине, министр Сағдиевтің бұл қылығы жөн емес. Дегенмен, ол Тілеухан мен Тайжан сияқты ерігіп жүрген жоқ, білім мен ғылымға қатысты бір министрліктің шаруасына жауапты адам. Ал депутат Тілеухан мен қоғам белсендісі Тайжанда ондай жауапкершілік жоқ. Сондықтан шаруасы басынан асатын министрдің ұрынарға қара таппай ерігіп жүрген ұлтпаттармен салғыласып уақыт өлтіргісі келмейтін шығар.

Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің  Бекболат Тілеуханмен жұрт алдында дебатқа түсе алмайтын бір жағдайы бар. Ол екі қазақтың тілдік қорына байланысты. Орыс және ағылшын тіліне жетік Ерлан Сағадиевтің қазақшасы тым орашолақ, тіпті қазақ тілін білмейді деп айтса да болады. Ал ұлтшыл депутат Бекболат Тілеухан керісінше, қазақшаға жатық, орысшаға орашолақ деп айтпай-ақ қоялық, бірақ ол тілде ойын толық жеткізе алмайды. Мұндай адаммен министр Сағадиев қалайша пікірсайыс жасайды?!

Министр Сағадиевтің Мұхтар Тайжанмен пікірсайысқа шықпай қоюының да тағы бір себебі бар. Экономика ғылымдарының кандидаты деген ғылыми атақ алып алған Мұхтар Тайжан білім мен ғылым саласының маманы емес, қандай реформа керек, қандай реформа керек емес, ол жағын айыра алмайды. Тіпті, ол оқушының ата-анасы ретінде мектептегі немесе университеттегі жағдайға қатысты ұсыныс айтатындай жағдайды білмейді. Себебі, ұлтпат Мұхтар Тайжан балаларының бәрін мұхит асырып, шетелдің мектебінен білім алуға аттандырып жіберген. Сондықтан оның білім беру саласының проблемаларын тереңінен талдап, ойға қонымды ұсыныс айта қоюы неғайбыл. Мұндай адаммен білім саласына жауапты министр қалайша дебат жасайды?! Ол ананы айтып, мынаны айтып, басқа жаққа лағып кетсе ше? Міне, министрдің ұлтпаттармен дебатқа келіспеуінің түпкі себебі осында жатқан сияқты.

Берік Мыңжасар 

Айдары:  Түтін
27.07.17
10860 оқылды

Пікір саны (1)

Anonymous

Қаямбастар өңкей! ТАЗА СПЕКТАКЛЬ! Мен мына жуа сатушыға сенбеймін

Жаңа пікірді жазу

  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Рұқсат етілген HTML тегтер: <a> <em> <strong> <cite> <code> <ul> <ol> <li> <dl> <dt> <dd>
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.

Пішімдеу нұсқаулары туралы толығырақ ақпарат

CAPTCHA
This question is for testing whether you are a human visitor and to prevent automated spam submissions.