Польшадан келген қонақ ұрынуға қара таппай жүр

Польшадан келген қонақ ұрынуға қара таппай жүр

Өзін «Шетелдегі Қазақстанның оппозициясы» ұйымының төрайымы санайтын Польша азаматы Балли Мажец (Balli Marzeс – бұрынғы аты-жөні Балжан Наурызбаева) Қазақстанға келіп алып «ұрынуға қара  таппай, емдетуге жара тапай» жүр. Ол Қазақстанға шілде айының ортасында анасының жаназасына келген болатын. Сапарлап келе жатып, өзінің Қазақстан билігін бұрыннан сынап жүргенін, сол үшін оны елге кіргізбей қоюы мүмкін екенін, тіпті өзіне арандату жасалатынын жоққа шығармайтынын мәлімдеумен болды. Бірақ, оның бұл сөзі бекер болып шықты.

Әдетте өзінің өмірінен қауіптенетін адам елеусіз болуға тырысады. Ал Балли Мажец Қазақстанға жасаған сапары кезінде өзінің әрбір қадамын әлеуметтік желіде жарнамалаумен болды. Оның бұл ісі «мына жерде тұрмын (жүрмін), маған арандатушылық жасайтын кім бар екен» дейтін бәле іздеген адамның қылығын еске салады. Анасының жаназасына қатысу үшін келген ол өзінің туып-өскен жерінде – Шымкентте де көп аялдаған жоқ, бір-екі күннен кейін Алматыға келіп алған. Мұнда да ол «ұрынуға қара таппай...» биліктің қитығына тиюмен айналысты. Бірақ, «Балли, мұның қалай?!» деген адам табылмады. Соған «ренжіген» болса керек, ол ҚР Сыртқы істер министрі К.Абрахмановқа хат жазды. Хатында өзінің Польша азаматы болғанымен, этникалық қазақ екенін, соған сәйкес тарихи отаны Қазақстанда тұрғысы келетінін айтыпты. Себебі, Польша мен Қазақстан арасындағы 30 күндік визасыз келісімнің мерзімі Балли Мажец үшін 12 тамызда аяқталады. Айтуынша, Балли Мажецтің әкесі Мырза Наурызбаев (1977 жылы қайтыс болған) «Қазақстан үшін өмірін қатерге тігіп, «Алаш» қозғалысына қатысыпты». Көп жыл бойы Еуропада өмір сүріп келген Балли Мажец те өзінің «білімі мен жинақталған тәжірибесін Қазақстанның көркейіп дамуы үшін жұмсағысы келеді» екен. Сондықтан ол ҚР Сыртық істер министріне өзінің Қазақстанда тұруына рұқсат беру мәселесін тездетіп шешуді талап етіпті. Әрине, Балли Мажецтің бұл мәлімдемесін Қазақстан билігі «ұрынуға қара таппай, емдетуге жара таппай» ерігіп жүрген адамның сөзі деп бағалап тағы да елеусіз қалдырды.

Өзінің мәлімдемелерін елемей жатқан Қазақстан билігіне ренжіген Балли Мажец Алматыны тастап Астанаға бармақшы. Айтуынша, ол онда оппозиция лидерлерінің бірі Зәуреш Батталовамен, жақында ғана пәтер сату алаяқтығымен айналысты деп айыпталған Махамбет Әбжанның отбасымен кездесіп, олардың «ерлігі мен қайтпас қайсарлығы» үшін алғыс айтпақшы. Сонымен қатар, Польшадан келген қонақ ЭКПО-20017 көрмесін аралап, халықтың осы көрмеге қалай қарайтынын біліп қайтады. Әрине, ол ЭКСПО жөнінде жақсы сөз айтайын деп отырған жоқ. Бұл оның сөзі  саптауынан-ақ көрініп тұр.

«Ұрынуға қара тапай» жүрген Польшадан келген қонақтың Астана сапарын да Қазақстан билігі елеусіз қалдыруы мүмкін. Бірақ, «бәле іздеген» Балли түбі мақсатына жетеді. Себебі, заң бойынша, Польша азаматы Балли Мажецтің Қазақстанда тұру мерзімі 12 тамызда аяқталады. Польшадан келген қонақтың беталысына қарағанда, ол осы заңды әдейі бұзбақшы. Мұндай жағдайда Қазақстанның көші-қон полициясы Балли Мажецті қамауға алып, айыппұл төлетіп, мәжбүрлі түрде Польшаға депортациялауы мүмкін. Бұл «ұрынуға қара таппай» жүрген қонақ үшін «іздегенге - сұраған» болады. «Қазақ билігі «Шетелдегі Қазақстан оппозициясының» лидерін қысымға алып жатыр», «елім, жерім деп еңіреп келген этникалық қазақты тарихи отанынан қуып жіберді» дейтін ұлтшыл сезім пернелерін дірілдететін айқай-сүреңге сылтау болады.

Осы ретте Польшадан Қазақстанға сапарлап келген «этникалық қазақтың» қазақ дәстүрімен үйлесе бермейтін қылығын айтпай кетуге болмай тұр. Біріншіден, Польшаның азаматына күйеуге шыққан Балли Мажец сол елдің азаматы, сонда өмір сүргеніне 20 жылға жақындап қалды. Төркіндеп келген оның Польшадағы өз отбасына қайта оралғысы келмейтіні былайғы жұртқа біртүрлі көрінеді. Бұған қосымша, бөгде елдің азаматы болғандықтан, Қазақстанға сапарлап келген ол «бетегеден биік, жусаннан аласа» болып қонақ жөнімен жүрмей, жұрттың қитығына тиюді доғармай-ақ қойды. Сірә, ол қонақ жөнінде айтылатын қазақтың мың-сан мақал-мәтелінен хабардар емес сияқты. Екіншіден, қазақ дәстүрінде етжақыны қайтыс болып, қара жамылған адам ұстануға тиіс шарттар бар. Қаралы үйге алыс-жақыннан көңіл айтып келушілердің легі бір-екі айға дейін созылады. Марқұмның туыстары көңіл айтып келушелермен бірге отырып өмірден озған адамға дұға бағыштайды. Сондай-ақ, марқұмның әруағына ризашылық білдіру үшін жарты жылға дейін бейсенбілік беріледі, марқұмның жетісі, қырқы деген рәсімдер жасалады. Мұндай шаралардың бәріне марқұмның етжақын туыстары мүмкіндігінше қатысқаны ләзім. Шымкенттің тумасы Балли Мажец (Балжан Наурызбаева) те Польшадан Қазақстанға анасының қазасына орай сапарлап келген болатын. Бірақ, ол Шымкентте бір-екі күн ғана аялдап, Алматыға тайып тұрды, енді Астанаға бармақшы. Польша мен Қазақстан арасындағы азаматтардың сапарлау мерзіміне бөлінген 30 күннің бәрін Балли Мажецтің осылайша өткізгені оғаш көрінеді. Сондықтан оны «Қазақ дәстүрін сыйлайтын «этникалық қазақ» деп айта аламыз ба?!

Ерасыл Бердібек

Айдары:  Дүрбі
21.07.17
1082 оқылды

Пікір саны (1)

AnonymousМ.Шындәулет

Мынау тұрсымен мақала емес, қатын өсек сияқты ғой. Автор әлгі әйелдің қасында жатып, ішіне кіріп шыққандай сөйлейді ғой. ,,Серке,, кімнің сойылын соғушы. Кімнің сойылын соқса да мынадай қылып жазу тым ұят. Себебі, материалды өнебойы қызғаныш пен көреалмаушылыққа толып тұр. Сондықтан Серкені көп оқымаушы едім. Жаңа әлдеқалай көзім түсіп кетті.

Жаңа пікірді жазу

  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Рұқсат етілген HTML тегтер: <a> <em> <strong> <cite> <code> <ul> <ol> <li> <dl> <dt> <dd>
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.

Пішімдеу нұсқаулары туралы толығырақ ақпарат

CAPTCHA
This question is for testing whether you are a human visitor and to prevent automated spam submissions.