Қосанов «Алаш» партиясын құра ма?

Қосанов «Алаш» партиясын құра ма?

Шетелде бас сауғалап қашып жүрген Мұхтар Әбілязов жақында сенсациялық хабарлама жасады. Оның айтуынша, Ақорда Қазақстан қоғамындағы саяси қозғалыстың бағыты мен қоғамдық пікірді қадағалап отыру үшін псевдо (жалған) оппозициялық партия құру жобасын бастап жіберіпті. Партияның атауы – «Алаш», оның саяси лидері Әміржан Қосанов болады, оған журналистер Гүлжан Ерғалиева мен шетелде тұратын Серік Медетбеков атқосшылық жасайды екен. Әбілязовтің болжамы бойынша, Ақорданың мұндай қадамға баруының басты себебі елдегі оппозицияның рөлін ойнап жүрген Жарамахан Тұяқбайдың Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының (ЖСДП) халық ішіндегі беделі тым төмендеп, конспирологиялық мәні кетіпті. Сондықтан Ақорда саяси плацдармдағы босап қалған осы орынды толтыруға әрекет жасайды.

 Осы ретте Әбілязов өзі жақында құрған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) қозғалысын да жарнамалап кетуді естен шығарған жоқ. Оның айтуынша, жұрттың аңсары ҚДТ-ға ауып отыр екен. Сондықтан, Ақорда алаң жарттың назарын басқа жаққа аудару үшін Әміржан Қосановты бас қылып жаңадан жалған оппозициялық партия құрып қоймақшы.

Әрине, соңғы кездегі  процестерді бақылап отырған адамдар үшін Әбілязовтің болжамына жанама дәлел табу қиын емес. Ақорданың идеологиялық секторын басқаруға Марат Тәжин келгелі  біршама өзгеріс  болғаны рас. Мысалы, оппозицияшыл саясаткер Әміржан Қосанов мемлекеттік телеарналардан пікір айтып, сөз сөйлеп, билік ұйымдастырған кейбір шараларға белсене атсалысып жүр. Әбілязовтің мәлімдемесі қарсаңында Гүлжан Ерғалиева Прагаға сапарлап, талай жылдан бері Еуропаны мекен еткен журналист Серік Медетбековпен кездесіп, суретке түсіп, оны әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады (суретте). Мұның бәрі Әбілязовтің айтқан сөзіне дәлел болып көрінері анық. Мәселенің байыбына терең бойлай алмайтындар оппозицияшыл үш журналиске (Қосанов, Ерғалиева, Медетбеков) қатысты осы бір оқиғаға мән бере қарайтынын саяси технология әдістеріне әжептәуір машықтанып алған Мұхтар Әбілязов есепке алып отыр. Шындығына келсек, Әбілязовтің айтып жүрген сөзінің бәрі бекер. Оған қарсы тұратын бірнеше аргумент келтіруге болады.

Біріншіден, қазіргі кезеңді билік транзиті тұрғысында қарастыру қажет. Ақорданың идеологиялық секторын басқарып отырғандар бұл шаруға өте зерек әрі жауапкершілікпен қарап отырғаны байқалады. Олар қандай да бір саяси мақсатты жоба жасауға бармайды. Оның үстіне елдегі жалғыз оппозициялық партия есебіндегі ЖСДП-ның қоғамдық-саяси әлеуеті түгесіліп болған жоқ, оны күресінге лақтырып жіберуге әлі ерте. Бұл партияның әлі талай саяси науқандарда өзіне жүктелген міндетті атқарып шығатындай күші бар.

Рас, саяси процестер кезінде оппозицияшыл көзқараста болған біраз белсенді осы жылы билікпен  біте қайнасып бірігіп кетті. Олардың басым бөлігі бұрын өздерін ұлтшыл-патриот ретінде көрсетіп жүрген оңшылдар. Соны есепке алып, солардан босаған орынды толтыру үшін жаңадан саяси партия құрудың дәл қазір қажеті жоқ. Себебі, оппозицияның үні өшкен қазіргі кезеңді билікпен өзара мәміле тапқан мамыражай конструктивизм санатына жатқызуға әбден болады. Қазақстан тарихында бұрын-соңды болмаған мұндай конструктивизмді бүлдіруге ешкімнің дәті бара қоймаса керек-ті.

Екіншіден, Мұхтар Әбілязовтің оппозициялық жаңа партияны Әміржан Қосанов басқарады дегені тіпті күлкілі. Егер Қосановтың өмір тарихына қарап отырсақ, ол оппозицияның алғашқы толқынының өкілі, 90-шы жылдардың соңында оппозицияға шыққан экс-премьер Қажыгелдиннің жетегінде кетіп, өмірінің басым бөлігін саясатпен өткізді. Оның оппозициядағы өмірі басқалармен салыстырғанда тым ұзақ болғанымен, ол кәнігі саясаткер, көш бастайтын лидер дәрежесіне көтеріле алмады, әлдебір ауылдың комсомол ұйымының жетекшісі деңгейінде қалып қойған адам. Сондықтан да оны оппозиция лидерлері – Жармахан Тұяқбай, Болат Әбілев, Алтынбек Сәрсенбаев сияқты саясаткерлер ешқашан өзіне тең санаған жоқ. А.Сәрсенбаев пен Ә.Бәйменовтің «Ақ жол» партиясына соншама ынтызар болған Қосановты маңайлатпай қоюы, Ж.Тұяқбайдың ЖСДП-дан Қосановты қуып жіберуі бекер емес. Егер жұмысы жанданып тұрған әлдебір ұйымды ыдыратып құртып жіберу қажет болса, онда оның тізгінін Әміржан Қосановқа беру керек деген әзіл әңгіме оппозицияшыл белсенділердің ішінде ертеден гуілдеп жүр. Қосановтың саясаткер ретіндегі кемістігі мен болымсыздығын оның жас кезінде комсомолда жүріп алған жаман әдетімен байланыстыратындар бар. Адамдардың мұндай типі көп сөйлейді, жұрттың алдында жалындатып жақсы сөйлейді, бірақ сөзінде ешбір мән-мағына болмайды, саяси тұрғыда тайғанақ, принципсіз, ары-бері тез ауытқып кете береді. Оның мұндай әдетін Әбілязов те, Ақорданың идеологтары да жақсы біледі. «Жаңадан құрылатын «Алаш» партиясын Әміржан Қосановқа басқартып қояды екен» деген сөздің күлкілі болатыны да сондықтан.

«Билікте  отырғандар дым білмейді, мәселенің байыбына бойлай алмайды» деген қате түсінік қалмай келеді. Шындығына келсек, бәрі керісінше – олар саяси алаңға жан-жақты сараптама жасап отыр. Идеологиялық секторды басқарып отырғандар Қосановтың да, Ерғалиева мен Медетбековтің де кім екенін, қандай «теріден тігілгенін» бес саусағындай жақсы біледі. Егер дәл қазір саяси процестердің бағытына өзгеріс жасап, қоғамдық пікірге әсер еткісі келсе, онда олар саяси бағыт-бағдары шәт-шәлегей болып жүрген Қосановтың тобына емес, ұлтшыл-патриоттық қозғалыстарға ставка жасаған болар еді. Себебі қазіргі саяси тренд осы бағытқа қисайып тұр. Мұндай саяси жобаны іліп алып кетіп, жандандыратындар да ұлтшыл-патриоттардың ішінде көп. Мысалы, Расул Жұмалы, Айдос Сарым, Досым Сәтпаев сияқты «жас перілер» жаңа типтегі оппозицияның рөлін қажет деңгейде мүлтіксіз сомдап бере алады. Олардың әрбірінің әлеуеті Қосановты жүз орап, омақастыра құлатып кететін жағдайда. Бірақ, жоғарыда атап өткендей, қазақ қоғамы билікпен мәміле тапқан мамыражай конструктивизм кезеңін өткеріп жатыр. Сондықтан, псевдо оппозициялық партия құру саясаттың күн тәртібінде тұрған жоқ. Олай болса, неге Мұхтар Әбілязов «Алаш» деген партия құрылады деп «сенсациялық» мәлімдеме жасап отыр? Бұл сұрақтың жауабы келесі мақалада айтылады.

 

*** Тақырыпқа қатысты мақаланы мына сілтемеден оқуға болады:

Қосанов саясаткер ретінде банкрот болды

Ерасыл Бердібек

Айдары:  Дүрбі
13.07.17
980 оқылды

Пікір саны (2)

Anonymous

Қаямды жеген Қосанов! Аппазисинер болса не қарап жүр осы күнге дейін?
Жердің бәрін сатып болды уже

Асан

Тамаша сараптама екен. Қосанов туралы өте дұрыс, дәл баға беріліпті. Бірақ Расул Жұмалы, Айдос Сарым, Досым Сәтбаев туралы қате пікір жазылған деп ойлаймын. Себебі оларда мақалада айтылғандай әлеует жоқ. Расул - лидер емес. Айдос - билікшіл. Досым - мәңгүрт (басқаша жұмсақтау сөз таппады). Сондықтан халық оларға көп ермейді. Мұхтар Тайжан - сарымсақпен сасып кетті. Дос Көшімнің - ресурсы тауысылып келеді. Жасарал қуанышәлин - жеке батыр.
Халық табаны бүрлі, позициясы өзгермейтін, батыл ұлтшыл жанның ғана артынан ереді. Халық қазір ақымақ емес. Көзі ашық.
Халық Әблязовтың артынан да ермейді. Себебі ол туралы пікір екі түрлі.

Жаңа пікірді жазу

  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Рұқсат етілген HTML тегтер: <a> <em> <strong> <cite> <code> <ul> <ol> <li> <dl> <dt> <dd>
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.

Пішімдеу нұсқаулары туралы толығырақ ақпарат

CAPTCHA
This question is for testing whether you are a human visitor and to prevent automated spam submissions.