Журналист Мамайды қандай жаза күтіп тұр

Журналист Мамайды қандай жаза күтіп тұр

Бес айдан астам тергеу изоляторында қамауда жатқан «Трибуна. Саяси қалам» газетінің редакторы Жанболат Мамайға Жемқорлықпен күрес ұлттық бюросы ресми айып тақты. Ол және оның қорғаушылары қылмыстық іспен танысуды бастады. Жанболат Мамайдың адвокаты Жанар Балғабаеваның айтуынша, қылмыстық іспен танысуға шамамен екі апта  қажет, сондықтан сот процесі шілде айының соңында не тамыздың басында басталуы мүмкін.

Жанболат Мамайға тағылған айыпта оның экономикалық ауыр қылмыс жасағаны, БТА банктен ұрланған ақшаның 110 мың долларын ұйымдасқан қылмыстық топпен бірігіп заңдастырғаны айтылған.

Оқиға 2009 жылы ақпан айында болған. Тергеу мәліметі бойынша, Жанболат Мамай қашқын банкир Мұхтар Әбілязов БТА банктен жымқырып кеткен миллиардтаған ақшаның бір бөлігін алып, газет шығару ісіне жұмсаған. Бірақ, бұл айыпты Мұхтар Әбілязов те, Жанболат Мамай да мойындамай қойды: М.Әбілязов  ақша бермегенін, Ж.Мамай ақша алмағанын мәлімдеген. Дегенмен, Мұхтар Әбілязовтің сыбайласы, БТА банктің басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Жақсылық Жарымбетов тергеу кезінде Ж.Мамайдың ақша алғанын айтқан болатын.

Журналист Жанболат Мамайдың ісі БТА банктің директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы Мұхтар Әблязов пен банктің Әблязов кезіндегі басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Жақсылық Жарымбетов және басқа да тұлғаларға қарсы ақша жымқыру жөніндегі іспен байланысты. Кезінде Ж.Мамай қамауға алынғанда қылмыстық істі тергеуген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы осылай деп мәлімдеген. Бірақ, БТА банктен ақша жымқыру мәселесін қараған сотқа Ж.Мамай тартылмады, онда Әбілязов пен оның үш сыбайласына қатысты үкім шыққан: М.Әбілязов сырттай 20 жылға сотталды. Ал БТА банктің кредиттеу бойынша бұрынғы директоры Қайрат Садықов  15 жылға түрмеге қамалды. Сот процесі кезінде кінәсін толық мойындап, өкініш білдірген БТА банктің басқарма төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары  Жақсылық Жарымбетов пен БТА банкі басқармасының бұрынғы төрағасы Сәдуақас Мәмеш 5 жылға шартты жаза алды. Әрине, Мұхтар Әбілязов пен оның сыбайластары  БТА банкке орасан зор зиян келтірген болатын. Кейбір мәлімет бойынша, ол ақша 7,5 миллиард долларды құрап отыр. Мұнымен салыстырғанда журналист Жанболат Мамайға тағылған айып та, ол қажетіне жұмсап жіберді деген қаржы да тіпті мардымсыз. Егер осы жағдайды есепке алсақ, Жанболат Мамай БТА банктен жымқырылған қаржыға қатысты қозғалған қылмыстық істе шартты жаза алып шығуы мүмкін.

Берік Мыңжасар

Айдары:  Түтін
11.07.17
739 оқылды

Пікір саны (2)

Anonymous

Free Yayo!

қазақ

шартты жаза алғаны дұрыс қой, әйткені жас

Жаңа пікірді жазу

  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Рұқсат етілген HTML тегтер: <a> <em> <strong> <cite> <code> <ul> <ol> <li> <dl> <dt> <dd>
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.

Пішімдеу нұсқаулары туралы толығырақ ақпарат

CAPTCHA
This question is for testing whether you are a human visitor and to prevent automated spam submissions.