Балуан Шолақтың рөлін сомдау үшін Еркебұлан Дайыров 10 кг салмақ қосты

Балуан Шолақтың рөлін сомдау үшін Еркебұлан Дайыров 10 кг салмақ қосты

Шәкен Айманов атындағы Қазақфильм киностудиясы аты аңызға айналған Балуан Шолақ туралы фильм түсіріп жатыр. Түсірілім жұмыстары қазір Райымбек ауданы Кеген ауылында өтіп жатыр.

Балуан Шолақ есімі ең алғаш рет Қызылжар жәрмеңкесінде танылған. Дәл осы сәтті суреттеу үшін қазір ауылда тарихи декорация жасалып жатыр. Режиссер Нұргелді Садығұлов осындай декорацияда фильмнің негізгі сахнасының түсірілімдерін жүргізуде.

«Егер ол тек балуан болса, онда мен спортқа негізделген экшн фильм жасайтын едім. Ол тек халық композиторы болғанында, онда шығармашылықтың адамы туралы лирикалық фильм түсірер едім. Алайда Балуан Шолақ «сегіз қырлы, бір сырлы» тұлға, бойына түрлі өнер дарыған адам болғандықтан, фильмде оның образын көрсету қиынға соғары анық. Десе де осы фильмді көрермен алдына ұсыну үшін барымызды салып жатырмыз» - деді фильмнің режиссері Нұргелді Садығұлов.

Фильмнің қоюшы-суретшісі Ержан Сүлейменовтың айтуынша, декорация екі айдың ішінде тұрғызылған. Суретшілер жәрмеңкені архив материалдары мен суреттер негізінде жасап шыққан. Басты кейіпкерлер - Балуан Шолақ, Ғалия, Балқадиша және Татьянаның киімдері костюм жөніндегі суретші Меруерт Торыбаеваның эскиздері бойынша тігілген. Реквизиторлар тобы кинода қолданылатын әрбір затты тыңғылықты таңдай білген.

Режиссер фильмнің бас кейіпкері - Балуан Шолақтың рөліне актерді көп іздеген. Кастингке кәсіби актерлермен қатар спортшылар да қатысқан. Олардың біреулерінің бет-әлпеті, дене бітімі сәйкес келмесе, ендігі біреулерінің аңыз адамның образына кіруде шеберліктері жетіспей жатты. Көп сынақтардан соң Балуан Шолақтың рөліне актер Еркебұлан Дайыров бекітілген. Балуанның образына сәйкес келуі үшін актер күрестен дәріс алып, он килограмм салмақ қосқан.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

«Осы рөлге мені таңдағаны үшін режиссерге алғысым шексіз. Ұлтымыздың мақтанышына айналған Балуан Шолақтай тұлғаның образын жасау - әркімге бұйыра бермейтін бақ. Бұл рөл физикалық және психологиялық тұрғыдан қиынға соғатынын жасырмаймын. Алайда, образды алып шығам деп сенем. Десе де, мен үшін ең қиыны - махаббат сахналары. Өйткені ондай сахналарды жасаудан ұялам» - деді Еркебұлан Дайыров.

Фильмге Еркебұлан Дайыровпен бірге еліміздің танымал актері Болат Әбділманов пен жас актриса Жанел Мақажан түседі.

Естеріңізге сала кетейік, киносценарий жазушы, драматург Дулат Исабековтың М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында сахналанған «Жаужүрек» пьесасының желісі бойынша жазылған.

Кегендегі түсірілімдерден соң, түсіру тобы Көкшетау мен Павлодар қалаларына аттанады.

ҚазАқпарат

Автор: Гүлмира Ғосманәли

Айдары:  Бақ-бақ
01.07.17
230 оқылды

Пікір саны (0)

Жаңа пікірді жазу

  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Рұқсат етілген HTML тегтер: <a> <em> <strong> <cite> <code> <ul> <ol> <li> <dl> <dt> <dd>
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.

Пішімдеу нұсқаулары туралы толығырақ ақпарат

CAPTCHA
This question is for testing whether you are a human visitor and to prevent automated spam submissions.