Доллардың қымбаттауына бірнеше себеп бар

Доллардың қымбаттауына бірнеше себеп бар

Қазақстан қор биржасындағы (KASE) 22 маусым күнгі таңертеңгі сессияның нәтижесі бойынша доллар бағамы 327,41 теңгеге дейін көтерілген. Доллардың қымбаттауын сарапшылар әрқилы себептермен түсіндіріп жатыр. Бірқатар сарапшылардың ойынша, мұнай бағасы 40 долларға дейін түссе, теңге бағамы бір доллар үшін 350-ге дейін әлсіреп кетуі мүмкін. Бүгінде Brent маркалы мұнайдың бағамы барреліне 44,85 долларды құрап отыр. Сарапшылардың айтуынша, соңғы рет мұнай бағасының баррелі үшін 45 доллардан төмен болған кезеңі 2016 жылдың қараша айында тіркелген еді. Біз танымал экономист Ерболат Мұхамеджанды әңгімеге тартып, қалыптасқан жағдайдың себеп-салдарын сұрастырған едік.

– Теңге еркін айналымға жіберіл­гені ел есінде. Сондықтан қашан да сыртқы және ішкі факторлар әсер етіп отырады, – деп бастады әңгімесін Ерболат Мұхамеджан. – Күні кеше ғана кейбір сарапшылар доллардың болатын курсы – 330 теңгеге негіздел­ген деп айтқан еді. Сол себептен мұның барлығы бір есеппен жасалған деп ойлаймыз. Бұл жерде белгілі бір деңгейде теңгеге әсер еткен үш-төрт себеп бар. Жалпы, бұл арада теңге әлсіреді деп емес, доллар қымбаттады деп айтқан дұрыс. Кейбіреулер доллар­дың қымбаттауы тек біздің елге ғана әсер етті деп ойлауы мүмкін. Олай емес. АҚШ президенті Дональд Трамп өзінің сайлауалды компаниясында америкалық өндірісті дамытамын деп уәде берген болатын. Бірінші кезекте ел аумағында «сланцтық революция» жасап жатыр, яғни сланцтық мұнай өндірісін дамытып келеді. Бұл оның ОПЕК-тің шешімдеріне қарсы шығу процесі. Екіншіден, АҚШ-тың федерал­ды резерв жүйесі бір апта бұрын ғана өзінің пайыздық мөлшерлемесін 0,5 пайызға көтерген болатын. Яғни, бұл да белгілі бір деңгейде әсер етуі мүмкін. Үшіншіден, мұнайдың бағасына байланысты ОПЕК елдері дұрыс келісім­ге келе алмай жатыр. Сырт көзге бәрі дұрыс көрінгенмен, ішкі жағдайда реттелмей жатқан түйткілдер баршылық. Мұның барлығы доллардың қымбатта­уы­на әкеп соқты.

Бұл тұрғыдан мемлекеттің белгілеп отырған «коридоры» бар. Ол шамамен 340 теңге де болуы мүмкін. Алдында Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев: «Бұл жерде ешқандай қорқыныш жоқ» деп айтқан еді. Қорқыныш жоқ деп мәлімдеген кезде Ұлттық банк төрағасы да белгілі бір қағидаттарға сүйенуі керек. Өйткені мемлекет девальвация жасамауы мүмкін, бірақ сәйкесінше сыртқы фак­тор­лар қатты әсер ететін болса, қай­та­­­дан бар күшті салып осы 330 бағамын ұстап тұруға тура келеді. Тіпті бәрі күрт өзгеріп те кетуі мүмкін.
Бұл тұрғыдан ешқандай болжам жа­сай алмаймын. Тіпті Әзірбайжанның сарап­шылары мұнай бағасы барреліне 20 долларға дейін түсіп кетуі мүмкін деп болжайды. Қателеспесем, қазір мұнай бағасы 44 долларға дейін түсіп кеткен. Егер де соңғы бір айлық көрсеткішті қарасаңыз, Brent маркалы мұнай бағасы тек түсумен келеді. Сәйкесінше, теңгенің долларға шаққандағы көрсеткішін қара­саңыз, тура дәл солай теңге де әлсі­реп барады. Кейбір валюта айырбастау пунк­тері бір долларға 328 теңге бағамын қой­ған. Бұған қарасақ, белгілі бір дең­гей­де алаңдаушылық пен қорқыныш бар.

– Бұл жағдай Қазақстанның эко­номикалық деңгейіне, халықтың әлеу­мет­тік хал-ахуалына қалай әсер етеді

– Әрине, белгілі бір деңгейде әсер етеді. Кеше ғана қызық ақпарат шықты. Мәселен, соңғы 1 жылдың ішінде картоп бағасы 10 рет өскен?! Бірақ картоп бағасы өссе де, диқаншылар бұдан ешқандай да пайда таппаған. Бұл жерде азық-түлік бағалары қайта көтерілуі мүмкін. Сондай-ақ импорттық тауар­лар­дың бағасы да өсуі мүмкін. Мыса­лы, біз тауар өндіруші емес, шикізат өндіруші елге жатамыз. Мұнай баға­сы түссе, қанша шикізат­ты сырт­қа сатсақ та, қолымызға аз дол­лар түсе­ді. Сол долларға сырттан тауар сатып аламыз, ал әкелінген тауарлар қым­бат бағамен сатылады. Бұл халықтың қалта­сына міндетті түрде кері әсер етуі ықтимал.
Естеріңізде болса, осыдан 10-15 жыл бұрын сіз 10 мың теңгеге бірнеше киім сатып алар едіңіз. Қазір 10 мың теңгеге бір сапалы көйлек алудың өзі қиын. Қателеспесем, 2006-2007 жылдары доллар 120-150 теңге боп тұрды. Сол кезеңнен бері доллар үш есеге өскен?! Сәйкесінше, мұның бәрі азаматтардың қалтасына қатты әсер етіп жатыр. Үкімет бұл жерде жалақының да өскенін алға тартуы мүмкін. Жалпы, мемлекеттік мекемелерде істейтіндердің жалақысы бюджет есебінен өседі, ал жекеменшік компанияларда жалақының өсу мәселесі көрініс таппайды. Жалпы, медицина мен педагогика салалары мамандарының жалақысы, сондай-ақ зейнеткерлердің зейнетақысы 20 пайызға өсті десек те, ол өзінің оңтайлы көрінісін таппайды. Мысалы, сол кезеңде жалақы көлемі салыс­тырмалы түрде өссе де, доллар курсының бағамы одан да асып кетті.
Бүгінде Үкіметтің бағдарламасы мұнайға негізделіп отыр. Кейбір сарап­шы­лар: «Мұнай бағасының түскені бізге сабақ болар еді» – дейді. Бірақ көп жағдайда мұның бәрі сабақ болмай отыр. Екіншіден, сол кезеңде бізге әсер еткен нәрсе – екінші деңгейлі банктердің іс-әрекеттері, атап айтсақ, сырттан қарыз алуы, кейін ол қарызды қайтара алмаған соң, оған мемлекеттің көмектесуі, халыққа үлкен пайызбен несие берілуі, т.б. Мұның барлығы біздің эконо­м­и­ка­ның әлсіз тұстарын көрсеткені анық.

– Бұл тығырықтан қалай шығуға болады?

– Бірінші кезекте адамның өз қолы­мен жасамайтын шикізаттардың бар­лы­ғын мемлекеттендіру керек. Сол кезде бір нәтижелер болады. Бұл тұста бізге Сауд Арабиясы, АҚШ пен Германияның мемлекеттендіру саяса­ты­нан үлгі алсақ жөн. Мемлекеттендіру саясатын жүргізу арқылы содан түскен қаржыны отандық экономикаға салсақ қана ақша түседі.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 
Кәмшат Тасболат

«Айқын» газеті

Айдары:  Дүрбі
23.06.17
387 оқылды

Пікір саны (0)

Жаңа пікірді жазу

  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Рұқсат етілген HTML тегтер: <a> <em> <strong> <cite> <code> <ul> <ol> <li> <dl> <dt> <dd>
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.

Пішімдеу нұсқаулары туралы толығырақ ақпарат

CAPTCHA
This question is for testing whether you are a human visitor and to prevent automated spam submissions.