Әміре Қашаубаев әлемге ЭКСПО арқылы танылды

Әміре Қашаубаев әлемге ЭКСПО арқылы танылды

Қазіргі таңда елордада ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі өтіп жатқаны белгілі. Осы орайда атақты әнші Әміре Қашаубаев 1925 жылы Парижде өткен ЭКСПО көрмесіне Қазақстан тарихында бірінші болып қатысты. Бұл туралы Астана қаласында ҚР Ұлттық музейінің ғылыми қызметкері Лаура Үсенбек мәлім етті.

Оның айтуынша, КСРО делегациясы сол жылы ЭКСПО көрмесіне алғаш рет барған. Соған байланысты күллі одақ бойынша талантты өнер иелері Мәскеуге арнайы  шақыртылып, шұғыл түрде әзірлік жұмыстары жүргізілген. 1925 жылы Семей қаласының халыққа білім бе­ру бөліміне КСРО халық ағарту ко­­миссары Луначарскийдің аты­нан: «Қазақ әнші­сі Әміре Қашаубаевтың Парижде өте­тін Дүниежүзілік көрменің эт­нографиялық концертінде өнер көрсету туралы келісімін күтемін. Жол шығыны төленеді. Өтетін уа­қыты - маусым, шілде айлары», деп жазылған жеделхат келген. Сол кезден-ақ мәдениет пен өнердің орталығы, сән әлемінің астанасы - Париж қаласында қа­зақ­тың домбырасын сөйлету, ән арқылы халқының дархан көңілін жеткізуге мүмкіндік алғанына Әмі­ре, бір жағынан, қатты қуанса, екін­ші жағынан, үлкен жауапкер­шілікті сезінді. Бұрын домбыра­ның үнін естімеген, қазақтың ха­лық әндерімен таныс емес Еуропа  жұртшылығының қалай қабылдай­тыны мазалаумен болды.

Ақыры Әміре Париж сахнасына көтерілгенде, өзіне таңғала қараған мыңдаған адамның назарын байқады. Себебі басқала­р сияқты онымен бірге шыққан оркестр, хор да болмады, оның орнына екі шекті домбырасын ал­ды. «Әміренің даусы күннің күр­кірегеніндей кейде аспанды жер­ге түсіріп дүрілдеп, кейде баяу соқ­қан желмен қозғалған бида­йық­тың шашағындай сусылдап, сыбырлап кетеді» делінген  Мәс­кеуде болған бүкілодақтық кеңес­­тер құрылтайында шыққан аталған концерт жөнінде жазылған мақаланың бі­рінде. «Балқадиша», «Ағаш аяқ», «Қанапия», «Үш дос», «Жалғыз ар­ша», «Қос балапан» сияқты әндер­ді орындап, Еуропаны мойындатып, екінші жүлдемен марапат­талады.

Замандастары Әміренің әнші­лі­гімен қоса адамгершілік қасиет­терін ерекше еске алады. Ашулануды білмейтін, жолдастыққа риясыз жан болғандығын айтады.  1927 жылы ән мен күйдің дүние­жүзілік байқауына Алманияның Майндағы Франкфурт қаласына барып, Париждегідей екінші орын алып қайтты. Әміре - Қызылордада ашылған қазақтың тұңғыш ұлт­тық театрының негізін қалаушылардың бірі. Сол кезде Қызыл­ор­дада ішінде Әмірені қоса Иса Бай­зақұлы, Қалыбек Қуанышбайұлы, Қажымұқан Мұңайтпасұлы, Құр­манбек Жандарбекұлы, тағы бас­қа­сының өнерін тамашалауға ша­қырған жарнамалар жарияланды.

Қазақ халқының әншілік өнері­нің шырқау шыңы, ерекше дарын иесі Әміренің тағдыры өкініш­пен аяқталды. Оған себеп - кеңестік жүйенің таққан жалған айы­бы. Парижде эмиграцияда жүрген Мұстафа Шоқаймен кездесуі оның болашағына балта шапты. Кеңес­тік делегация ішінде қазақтың бар екендігін білген М.Шоқай қо­нақүйге келіп, Әміремен кездесіп, әңгімелесті. Әміренің қолы бос ке­зінде оған Парижді көрсетті. ОГПУ қызметкерлеріне осының өзі жеткілікті. Франциядан қуа­ныш­пен оралған Ә.Қашаубайұлы­на «М.Шоқайдың сыбайласы» деген айып тағылып, одан күн сайын жауап алып, соққыға жықты. Оның әріп­тестері мен достары Әміренің өмірінің соңғы он жылы азаппен өткенді­гін еске алады. Ашылып ешкімге тіс жармаса да, үнемі кө­ңіл күйі болмай, бет-аузынан соқ­қы­ның орындары анық байқалған.  

1934 жылы 6 қарашада Алматы көшелерінің бірінде Әміренің өлі денесі табылды. Бір күннен кейін 7 қарашада Қазан төңкерісінің құр­­метіне болғалы жатқан Е.Бру­си­ловскийдің «Қыз Жібек» опера­сы­ның премьерасында басты рөл­­­дің бірін орындау туралы арма­ныжүзеге аспады. Әміренің қазасы  құпия  болып  қалды.

 

Әміре Қашаубайұлы 1888 жылы Шығыс Қазақстан облысының Қайнар ауылында кедей отбасында дүниеге келді. Әке­сі Қашаубай, анасы Тойған да ән­шілік өнерден қалыс қалмаған. Әмі­ренің балалық шағы ауыл ба­йының малын бағумен өтті. Қолы босағанда, ән айтып, даусын шың­дайтын. Әнші бала туралы ауыл-ауылдан естіп, кейін ол той-жиын­ның ортасынан табылды. Әкесі Семей қаласына көшу туралы ше­шім қабылдап, Әміренің өмірінде жаңа кезең басталды. Қала өмірі оның жан-жақты дамуына, саяси көзқарастарының қалыптасуына ықпал етті. Семейде ашылған «Ес-Аймақ» атты қазақ жастарының ұйымына мүше болды. Осы кезде Әміреге кәсіби әнші болу туралы ой келсе керек. 1924 жылы әнші­лер арасында ұйымдастырыл­ған байқауға қатысып, жеңімпаз атанды. Оның ән­шілік өнері бүкіл Қазақ­станға кеңінен жайылып, Одақ, одан ЭКСПО-ға дейін жетті.

Міне, арада тура 92 жыл өткенде, Астанада ЭКСПО-2017 көрмесі төрткіл дүниенің назарын өзіне аударды. Бұл жолы көрме төрінде қазірдің өзінде талайды мойындатып үлгерген Димаш Құдайбергеновтей дарабоз талант ән салатын болады.   

ҚазАқпарат

Айдары:  Төбе
22.06.17
923 оқылды

Пікір саны (0)

Жаңа пікірді жазу

  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Рұқсат етілген HTML тегтер: <a> <em> <strong> <cite> <code> <ul> <ol> <li> <dl> <dt> <dd>
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.

Пішімдеу нұсқаулары туралы толығырақ ақпарат

CAPTCHA
This question is for testing whether you are a human visitor and to prevent automated spam submissions.