Астана әуежайына Назарбаевтың есімін беру - жүйелі шешім

Астана әуежайына Назарбаевтың есімін беру - жүйелі шешім

Астана әуежайына Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін  беру туралы Үкімет қаулысына байланысты  қоғам және мемлекет қайраткерлері пікірін білдірді.

Дархан Кәлетаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Астана әуежайына Назарбаевтың есімін беру - бұл жүйелі шешім

 «Бұндай идея 2009 жылы баспасөз мәслихаты барысында туған еді. Мінеки, біраз уақыт өткеннен кейін қоғамдық санада сол бастама өз орнын тауып отыр. Бұның өзі осы идеяның өміршеңдігін көрсетеді. Мені Үкіметтің Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы Декларациясын негізге ала отырып, Астана Халықаралық әуежайын Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен атау туралы қаулы қабылдағаны қанағаттандырады», - деді сенатор.

Дархан Кәлетаевтың айтуынша, бұндай идея аяқ астынан туған бастама емес, бұл жалпыәлемдік тәжірибе. Өйткені, мемлекет үшін символдық мәні бар маңызды нысанға сол мемлекетті қалыптастырған ұлы тұлғалардың есімін беру бұрыннан бар тәжірибе.

«Ешкім де бұған дейін еліміздегі ең мықты жоғары оқу орнын «Назарбаев Университет» деп атауға қарсылық білдірген жоқ қой. Керісінше, қазір мектеп бітіруші түлектердің басым бөлігі сонда оқығысы келеді. Естеріңізде болса, Нұрсұлтан Назарбаев осы оқу орнына өзінің есімін беруге келісе отырып, білім мекемесі үшін жауапкершілікті толық өз мойнына алғанын айтқан болатын. Ал бүгінгі жағдайда жаңа, әйтпесе жаңартылған Астана әуежайын Нұрсұлтан Назарбаев есімімен атап отырмыз, бұл өте дұрыс шешім.  Өйткені, елорданың әуе қақпасы мемлекетте жүзеге асып жатқан көліктік-логистикалық құрылымның тартылыс нүктесіне айналуы тиіс. Ал Еуропа мен Қытайдың арасындағы сауда-транзиттік өзегі саналатын бұндай көліктік-логистикалық идеяның авторы да Нұрсұлтан Назарбаев екенін еске салғым келеді», -деп атап өтті Д. Калетаев.

 Сонымен қатар, сенатор Джордж Буш атындағы Құрлықаралық әуежайдың бар екенін алға тартты. Оның айтуынша, аталған әуежай қамтып жатқан аумағы және маңызы бойынша АҚШ-тағы екінші үлкен әуежай. 1969 жылы салынған бұл нысанға 1997  жылы Американың 41-і президенті Джордж Буштың есімі берілген.  Ал Үлкен Буш та АҚШ-тың көліктік-логистикалық инфрақұрылымын дамытуға барынша мән берген саясаткер.

«Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясат бағдарламасын жариялап, ол жүзеге асырылып жатыр. Соған сәйкес Астана Азия мен Еуропа арасындағы транзиттік орталық ретінде авиациялық хабқа айналатын болады. Биылғы жылдың өзінде бірқатар ірі шетелдік авиакомпаниялар Астанаға өздерінің рейстерін ашты. Яғни, Астана әуежайы «Нұрлы жол» саясатын дамытудың шұғылалы сәулесі жайылатын орталық болып табылады, ендеше оның Назарбаев есімімен аталуы қисынды әрі символикалық мәнге ие болып отыр» - деді Кәлетаев.

 

Ерлан Қарин, саясаттанушы:

Астана әуежайына неге Назарбаев есімі берілді?

 

"Бұрыннан күтіп отырған, дұрыс әрі орынды шешім. Бұрыннан дейтінім, Астана әуежайының атауын өзгерту ұсынысы 2009 жылы айтылған, шатасып тұрмасам. Сондықтан бұл ой бүгін ғана туып отырған жоқ. Әрине, әуежайларға ел дамуына үлкен үлес қосқан атақты адамдардың есімін беру көп таралған практика. Париждегі Шарль-де-Голь әуежайы, Нью-Йорктегі Кеннеди атындағы, Вашингтондағы Рональд Рейган және Ыстамбұлдағы Ататүрк әуежайлары бірден ойға оралады. Қазірде көзі тірі адамдардың атымен атау да бар, мәселен, үлкен Джордж Буш атында айлақ бар, Польшадағы Леха Валенса атында да, жақында Португалияда әуежайға Роналдудың атын берді, осылай кете береді. Біздің жағдайда мұның орынды болуы Президент көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған "Нұрлы жол" сияқты өте тиімді мемелкеттік бағдарламалардың авторы. Бұл бағдарлама біздің экономиканы ілгерлетеді. Мыңдаған шақырымдық жаңа жолдар, автобандар, жаңа аэровокзалдар, теміржол вокзалдары, терминалдар, соның ішінде Астананың жаңа әуежайы. Айта кету керек Президентіміздің бастамасы бойынша чемпиондарымыздың аты берілген спорт кешендері салынды: Рыпакова, Ильин, Головкин атындағы. Сондықтан Елбасымыздың да Қазақстанның дамуына қосқан үлесін атап өткеніміз орынды. Енді Астананың ескі авиациялық коды - TSE де ауысатын шығар", - деді Ерлан Қарин.

 

Сауытбек Абдрахманов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Әуежайға Елбасының есімін беру - елдіктің келісті көрінісі

«Осыны тамаша шешім деп бағалаймын. Бүкіл әлемде Қазақстанның жақсы аты шығып, экономикамыз қуаттанып, халықтың әл-ауқаты артып, еліміздің әлемдік аренадағы беделі биіктеп тұрғанында, әрине біздің Елбасымыздың ерен еңбегі бар. Жақында Тәуілсіздіктің 25 жылдығана орай қабылдаған тарихи Декларацияда Парламент Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың осы тарихи еңбегін белгілеу, сондай-ақ елдегі белгілі нысандарға Елбасының есімін беру ұсынысын жасаған болатын. Сол ұсынысымыздың қабылданғаны өте құптарлық. Қай жағынан алып қарасақ та, бұл өте орынды шешім»,-деді депутат.

Осы орайда С. Абдрахманов әлемде нысандарға атақты тұлғалардың есімін беруге қатысты мысалдар баршылық екенін атап өтті. «Тек қана мемлекет басшыларының құрметіне аталған әуежайлардың өзінің саны 30-дан асады, ал тарихи тұлғаларға, белгілі көрнекті адамдарға арнап қойылған әуежайлар өте көп. Сондықтан біз оны елдіктің келісті көрінісі деп қуанышпен қабылдап отырмыз»,-деп атап өтті депутат.

 

Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Әуежайдың атын өзгерту қаулысы уақтылы шығарылып отыр

 «Астана халықаралық әуежайына Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беру туралы Үкіметтің қаулысын өте дұрыс деп ойлаймын. Атап айтқанда, уақытында шығарылған қаулы. Өйткені Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстанды өркендетуге орасан зор үлес қосып отыр. Елбасы Тәуелсіздігімізді тұғырлы қылып, елімізді өркендетіп, халықтық береке-бірлігін ойлап, әрқашан да елімізді ең дамыған 30 мемлекеттердің қатарына қосуға атсалысып жүрген әлемдік деңгейдегі үлкен тұлға. Сондықтан осы шешімді бәрі де қолдайды деп ойлаймын»,-деді Н. Сабильянов.

Осы орайда ол әлемдік тәжірибеде әуежайларға сол елді басқарған басшысының, тұлғаның, мемлекетті өркендеткен азаматтың атын беру үрдісі бар екенін еске салып өтті.

«Әлемде 30-дан астам елде мемлекет және үкімет басшыларының есімдері халықаралық әуежайларға қойылған.  Сондықтан елімізде жасалып отырған шешім халықтың құрметі болуы керек»,-деді депутат.
 

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:

 Президент қолдаған жағдайда Назарбаевтың есімі көптеген нысандарға берілер еді

 

"Президент осы жолғы бастамаға түсіністікпен қарайды деп сенемін. Себебі "Нұрлы жол" бағдарламасы және осы ауқымды бағдарламаның авторы xалықтың есінде қалуы қажет. Шетел азаматтары Астанаға келгенде алдымен әуежайды көреді. Меніңше, ол жерде Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі тұрғаны дұрыс әрі заңды. "Нұрлы жол" бағдарламасына Президенттің өзі бастамашы болды. Соның арқасында елімізде біраз жұмыстар атқарылды. Астанадағы әуежай да - сол жұмыстың нәтижесі", - деді Дәурен Абаев.

 Министрдің ойынша, Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін біраз нысандарға беруге болатын еді. Алайда соңғы шешімді Президенттің өзі қабылдайды.

"Бәріміз жақсы білеміз, Мемлекет басшысы ондай бастамаларды көп қолдай бермейді. Көп қолдаса, Нұрсұлтан Назарбаевтің есімі университет пен әуежайдан да басқа көптеген нысандарға берілетін еді. Президенттің өзі әлі қолдаған жоқ", - деді министр.

Айдары:  Төбе
21.06.17
363 оқылды

Пікір саны (0)

Жаңа пікірді жазу

  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Рұқсат етілген HTML тегтер: <a> <em> <strong> <cite> <code> <ul> <ol> <li> <dl> <dt> <dd>
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.

Пішімдеу нұсқаулары туралы толығырақ ақпарат

CAPTCHA
This question is for testing whether you are a human visitor and to prevent automated spam submissions.