Зайырлы мемлекет - атеист мемлекет емес

Зайырлы мемлекет - атеист мемлекет емес

2017 жылғы 16 маусымда Астана қаласында Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаевтың халыққа есеп беру кездесуі өтті. Баяндамасында Нұрлан Ермекбаев ведомствоның 2016 жылы атқарған жұмыстың негізгі нәтижелері туралы, сонымен қатар болашақта министрліктің алдына қойылған басты міндеттер туралы толық айтып берді.

"Министрліктің құрылғанынан бастап бастап біздің барлық күшіміз адамдардың өмірін жайлы және қауіпсіз, олардың құқықтары мен еркіндіктерін қамтамасыз етуге бағытталады. Біз жауап беретін салаларда мемлекеттік саясаттың әрбір қазақстандық үшін түсінікті және айқын болуына тырысудамыз. Осы жұмыстағы басты мақсат - азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету, мемлекет пен азаматтық қоғам күштерін біріктіру, зайырлы және демократиялық принциптерді нығайту", - деп атап өтті министр.

Қазіргі таңда елімізде 18 конфессия жұмыс істейді. Олар 3 658 діни бірлестікке біріккен. Қазақстандықтардың 15 пайызы діндар адамдар, яғни діни рәсімдерді тұрақты орындайтындар. Азаматтардың 75 пайызы Құдайға сенеді, бірақ тұрақты түрде діни жораларды орындамайды және діни бірлестіктер қызметіне тартылмаған. Азаматтардың шамамен 10 пайызы өздерін атеист немесе агностик деп санайды екен. Сонымен қатар, министрдің айуытнша, министрліктің дін саласындағы басты басымдығы - кез келген радикалды діни ағымдарға мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру, мемлекеттің зайырлылық принциптерін нығайту.

"Зерттеулер нәтижелері азаматтардың көбі зайырлылық құндылықтарын жоғалтып алуға болмайтын игілік деп есептейтінін көрсетті. Бұл ретте - зайырлы мемлекет - атеист мемлекет емес екенін атап өткім келеді. Демек, зайырлы мемлекетте түрлі конфессиялардың, атеистердің, агностиктердің құқықтары бірдей", - деді министр. Президент рухани жаңғыру туралы мақаласында - Қазақстанның ежелден келе жатқан зайырлылық дәстүрлері бар екенін атап өтті.Олардың негізінде төзімділік, бейбітшілдік, дінге сенетіндер мен сенбейтіндердің құқығын құрметтеу мәселелері жатыр. "Көпконфессиалы Қазақстан үшін тұрақтылықты сақтаудың жалғыз жолы - зайырлы мемлекет. Мұндай мемлекеттің принциптері діндерді саясаттандыруға және оны пайдалана отырып сананы алдап-арбауға жол бермейді", - деп атап өтті Нұрлан Ермекбаев.

Министр Нұрлан Ермекбаевтың айтуынша, осы мақсатта Министрлік заңдарға енгізілетін өзгерістер топтамасын әзірлеуде. Құжатты дайындауда сарапшылармен ғалымдардың үлкен тобы бірнеше ай жұмыс істеді. Топтама негізін "Дін саласындағы 2017-2020 жылдарға арналған мемлекеттік саясаттың тұжырымдамасы" құрайды. Ол мемлекеттік-конфессиялық қарым-қатынастарға көзқарастар мен тәсілдемелердің жүйесін құрайды. Айтуынша, қазіргі уақытта министрліктің үйлестіруімен экстремизм мен терроризмнің профилактикасы бойынша жүйелі жұмыс жолға қойылды. Дін саласындағы мемлекеттік саясатты үйлестіру мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия өз жұмысын бастаған. "Ведомствоаралық өзара іс-қимылдың бірқатар маңызды нәтижесі ретінде ғибадат орындарының маңайында қауіпсіздіктің күшейтілгенін атап өтуге болады. Бұл жұмыстың нәтижесінде мешіттерде тәртіп бұзу үлесі бірден төмендеді.

Сонымен қатар, діни материалдарды тарату арналарына тұрақты мониторинг жасау жолға қойылды. 2016 жылы тек біздің министрлік 10750 сайтты зерделеді. Оның ішінде 1500 жуық сайттардан заңсыз контент табылып, олар заң тәртібімен жабылды. 2017 жылы мониторинг объективіне 6 мыңнан астам сайт түсті. Оның ішінде 900-і заңсыз контент таратқан. Бұған қоса әлеуметтік желілерге, кітап, баспа өнімдеріне сараптама жүргізіледі.2017 жылы 1,5 мыңнан астам объекті сараптамадан өтті. Оның ішінде 54 материал құқыққа қайшы контенті бар деп танылды. Сонымен қатар Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің барлық кітапхана қорына сараптама жүргізілді. Оның барысында 2017 жылы 13 кітап деструктивті мазмұнда деп табылды", - делінген хабарламада.

Министрлік жұмысының тағы да бір маңызды нәтижесі - экстремизмнің алдын алу саласында Қайта даярлау институтын құруы. Ол министрліктің әдістемелік қолдауымен "Нұр Мүбарак" университеті базасында жұмыс істейді. 2016 жылдың қазан айынан бастап осы институттан 40 имам мен теолог мамандар дайындықтан өткен.

"Тәуекел топтарын оңалту жүйесі жолға қойылды. Негізгі әріптестеріміздің бірі "Ақниет" оңалту орталығы. Ол бас бостандығынан айыру орындарында радикалды дінге сенушілермен жұмыс істейді. 2016 жыл ішінде "ақниет мүшелері" 90 түзету мекемесінде жұмыс істеді. Ағымдағы жылы олар 15 мекемені қамтыды. Өңірлердегі деструктивті секталардан зардап шеккендерге көмектесуге мүмкіндік беру бойынша жұмыс атқарылып келеді. Ол үшін Үкіметтік емес ұйымдар бірлесіп кеңес беру орталықтар желісі құрылды. Бұл жоба бойынша 24 Үкіметтік емес ұйымдар министрліктің серіктесі болды.Министрдің айтуы бойынша, ерекше назарды қажет ететін өңірлерде тек кеңес беру орталықтары емес, сондай-ақ толық қызмет көрсететін психологиялық оңалту қызметтері бар. Үлкен көмекті "Қауырт желі -114" көрсетіп келеді. Бұл жоба азаматтарға тек консультация беріп қана қоймай, құқық бұзушылық туралы сигналдарға жедел ден қоюға мүмкіндік берді. Қазіргі таңда Министрлік заңдарға өзгерістер енгізу топтамасын әзірледі. Топтама негізін "Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы" құрайды. Ол мемлекеттік-конфессиялық қарым-қатынастың жаңа форматын ұсынады", - делінген хабарламада.

Топтаманың екінші бөлігі - "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар жөніндегі" Заң жобасы. Қазір ол әзірлену үстінде. "Жоба келесі нормаларды ұсынады: шетелде діни білім алуды реттеу; қоғамдық орындарда адамның түрін тануға кедергі келтіретін киімдерге заңмен тыйым салу; діни бірлестіктердің қаржылық ашықтығын қамтамасыз ету; діни көзқарасқа қарамастан барлық санаттағы адамдардың, деструктивті (теріс) идеологиялық, соның ішінде діни ағымдардың сыртқы көріністеріне тыйым салу құқығын қорғау; мемлекеттік қызметшілердің діни қызметке қатысуын реттеу; кәмелет жасқа толмағандарды діни қызметке заңсыз тартуға жауапкершілікті күшейту", - делінген баспасөз қызметінің мәліметінде.

Бұдан басқа осы заң жобасында "құдайға құлшылық ету", "діни әдебиет", "діни радикализм", "деструктивті діни ағым" және тағы басқалар сияқты бірқатар түсініктердің анықтамасы нақтыланады. "Осы жұмыстағы негізгі мақсат - еліміздің болашағының қауіпсіздігі. Радикалды діни бағыттардың қауіпті мәнін, дәстүрлі діни негіздер мен олардың арасындағы айырмашылықтарды тауып, адамдардың түсінгені бізге маңызды", - деп атап өтті министр.

Министрлік жұмысының тағы да бір жауапты бағыты - дінге қызығушылығы бар азаматтардың діни ақпараттандырылуын және олардың діни сауаттылығын арттыруды қамтамасыз ету. Еліміз бойынша 306 арнайы теологиялық және ақпараттық топтар жұмыс жасайды. Олардың құрамында - 3500-нан астам адам дінтанушылар, теологтар, ҮЕҰ, діни бірлестіктердің белсенділері мен сарапшылары қатарынан. Министрлік өткен жылы осы топтарға 50 әдістемелік нұсқаулық пен басшылық әзірледі. 3000 дәріскерге арнайы оқу бағдарламасы бойынша арнайы курстар жүргізілді. Ведомство басшысы министрліктің дайын үлгілер мен қалыптардан бас тартып, ақпараттық жұмыс санын емес, сапасын арттыруға акцент жасайтынына назар аударды.

Министр азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл мәселелеріне тоқтала келе, бұл мәселе бойынша бірінші кезекте үздіксіз ашық диалог орнату маңыздылығы туралы айтты. Министрлік өткен жылдың аяғында, бір алаңда еліміздің барлық өңірлерінен 300-ден аса үкіметтік емес ұйымдары жиналған VII азаматтық форумын өткізді. ҮЕҰ-мен бірге VII азаматтық форумының ұсыныстар жоспары әзірленді. Биыл алғаш рет шілде-қыркүйек аралығында өтетін ҮЕҰ арналған сыйақы конкурсы өтеді.

Министрлік ҮЕҰ-мен ынтымақтастық жөніндегі үйлестіру кеңесінің аясында қоғамның өзекті мәселелерін анықтау бойынша үнемі мониторинг жүргізіп отырады. Бірінші тоқсанда министрлік әртүрлі саладағы үкіметтік емес ұйымдармен бірге 130 әлеуметтік өзекті мәселелерді анықтады. Ермекбаев ҮЕҰ осы форматтағы жұмысты кеңейту туралы ұсыныс бергенін атап өтті. Нәтижесінде мемлекеттік органдар бірінші басшыларының ҮЕҰ өкілдерімен кездесу кестесін Үкімет бекітті. Осылайша, ұсыныстар, мәселелерді және идеяларды тікелей өңірлер мен министрліктер басшыларына жеткізудің тағы бір жолы пайда болды.

Министрлік үкіметтік емес ұйымдармен бірігіп, азаматтық қоғам саласындағы заңнаманы жетілдіруін жалғасатырып келеді. 2016 жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс тиімділігін және бағалауын қалыптастыруда азаматтардың міндетті түрде қатысуын ұсынатын "Коммерциялық емес ұйымдардың қызметі мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер енгізу туралы" заң жобасы әзірленді. ҮЕҰ-мен жұмыстан бөлек министрлікке еріктілік және қоғамдық кеңестердің саласындағы функциясы бекітілген. Министрлік Парламент депутаттарымен бірлесе 2016 және 2017 жылдары "Волонтерлік қызмет туралы" заң жобасын аяқтады. Оның негізінде "Есепке алу және мониторинг жүргізу тізімінің" Типтік ережелері дайындалды. Қазіргі уақытта жергілікті өңірде жұмыс істеп тұрған еріктілер ұйымдарының біліктілігі мен оларды тарту мүмкіндігі жайлы ақпаратты тез арада алауға мүмкіндік беретін Қазақстаның ерікті ұйымдары мен топтарының картасы әзірленуде.

Сонымен қатар, қоғамдық кеңестердің құқықтық базасы жетілдірілуде. Жылдың екінші жартысында кеңестерді жетілдіру бойынша барлық бастамалары мен жаңалықтары берілетін Қоғамдық кеңестердің бірінші Мәжілісі өтеді. Министрлік үкіметтік емес ұйымдармен гранттар және мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс негізінде жобалық ынтымақтастықты дамытуда. 2017 жылы гранттық қаржыландыру 3 есеге артып, 650 миллион теңгені құрады. Жылдың басында эксперттік комиссия 42 грантты берді. Барлығы 183 ұйымнан 320 өтініштер қарастырылды.

"Біз 2016 жылы жобалардың тек қана республикалық деңгейде болуы жайлы үкіметтік емес ұйымдардың сынын ескердік. Биыл гранттардың үштен бір бөлігі өңірлердегі жұмысты және жергілікті қауымдастықтың дамуын ескереді. Кейін бұл тенденция ары қарай дами беретін болады", - деді спикер.

Осы жылы "АСАР" үш жақты ынтымақтастық форумның өтуі алғаш рет жоспарлануда. Форум үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік идеясын ұсынудың, әлеуметтік кәсіпкерліктің және бизнеспен ынтымақтасудың алаңы болмақ. Министрлік ҮЕҰ Дерекқор базасын толтыру бойынша жұмыстарды жалғастыруда. Қазіргі таңда Дерекқорда 3000 жуық қазақстандық және шетел ұйымдарының тәжірибесі көрсетілді. Осы жылдан бастап Дерекқор базасына мәліметтерді онлайн түрде беруге болады. Күзде Дерекқордағы мәліметтерге барша халық қолжетімлікке ие болады. "Жастармен жұмыс істеуде біз мемлекет пен қоғамның даму процесін белсенді біріктіруді көздедік", - деп баяндамасын жалғастырды министр. Өткен жылы Республикалық жастар форумы өтті. Шараның басты нәтижесі жастар және жастар ұйымдарымен ынтымақтастықты дамыту бойынша Үкіметке берілген ұсыныстар болды. Белсенді жастарды қолдайтын тағы бір маңызды жоба - "Дарын" Мемлекеттік сыйлығы. Оның көмегімен жастардың ғылыми және шығармашылық ұмтылыстары ынталандырылады. Өнер, спорт, ғылым, шығармашылық саласында түрлі номинациялар бойынша 26 жас лауреат атанды. Қаңтар айында өңірлердегі жастардың бос уақыты мен өзін-өзі танытуы үшін инфрақұрылымдарды күшейту мәселесін Үкіметте қарау ұсынылды. Нәтижесінде премьер-министрдің тапсырмасымен облыстардың, Астана, Алматы қалаларының әкімдіктері жастардың бос уақытын ұйымдастыру бойынша 2017-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын әзірледі. Гранттар базасында оларды институционалды нығайту мақсатында жастардың ҮЕҰ-мен ынтымақтастық бір жолға қойылды.

"Астана әкімдігімен бірге "Астана Жастар қаласы" пилоттық жобасы әзірленді. Жоба астана жастарының жағдайын жақсарту бойынша нақты индикаторларды есепке алады", - деді министр.

Көптеген түскен ұсыныстармен министрлік "Түлектер тақтасы" жобасына бастама жасады. Ол жастарға еңбек нарығындағы қажеттіліктер, жоғары оқу орындарына, арнайы мамандандырылған оқу орындарына түсу мүмкіндіктері туралы жедел ақпарат беруге бағытталған. Қорыта айтқанда жүргізілген жұмыстар Министрліктің 2016 жылға арналған стратегиялық жоспарының жоспарлаған көрсеткіштеріне қол жеткізуге мүмкіндік берді.

Әлеуметтік зерттеулер мынаны көрсетті:

Дін саласындағы мемлекеттік саясатты халықтың қолдау деңгейі - 87 пайыз;

Азаматтық қоғам институттары мен мемлекеттің өзара қарым-қатынасын жақсы бағалау 60 пайызға жетті;

Мемлекеттік жастар саясатының іске асырылуына риза болғандар - 75 пайыз.
 

tengrinews.kz 

Айдары:  Төбе
16.06.17
481 оқылды

Пікір саны (0)

Жаңа пікірді жазу

  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Рұқсат етілген HTML тегтер: <a> <em> <strong> <cite> <code> <ul> <ol> <li> <dl> <dt> <dd>
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.

Пішімдеу нұсқаулары туралы толығырақ ақпарат

CAPTCHA
This question is for testing whether you are a human visitor and to prevent automated spam submissions.