«Жауырыны жер иіскеген» Жаманқұлов «күреске тоймай» жатыр

«Жауырыны жер иіскеген» Жаманқұлов «күреске тоймай» жатыр

«Феникс» көркем фильмін түсіруге мемлекеттен бөлінген  қаржыны жымқырды» деген айыппен 3,5 жыл шартты жаза алған танымал әртіс Тұңғышбай Жаманқұлов өзін кінәсіз етіп көрсеткісі келеді. Ол бүгін журналистерге арнап баспасөз конференциясын өткізіп, сот үкіміне апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеді. Естеріңізде болса, Алматының Медеу аудандық соты 1 маусымда Тұңғышбай Жаманқұловты «сеніп тапсырылған өзгенің мүлкін иеленгені немесе талан-таражға салғаны» үшін айыпты деп таныған. Онымен бірге «Қазақфильм» ұлттық компаниясының бұрынғы топ-менеджері Гауһар Ысқақова, фильмнің режиссері Талғат Жәнібеков, продюсері Наталья Юдина да шартты түрде сотталған болатын. Сот тергеуі кезінде айыпталушылардың бәрі мемлекет қаржысын жымқырғандарын мойындап кешірім өтінген. Тіпті олар жымқырған 69 миллион теңгенің біраз бөлігін мемлекет қазынасына қайта құйды. Осы оқиғаның өзі-ақ Жаманқұлов пен сотқа тартылған басқа да сыбайластардың кінәлі екенін білдіріп тұр.

Аңдамай қате басқанын мойындаған Тұңғышбай Жаманқұлов Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа интернет арқылы арнау жасап, одан өзіне көмек сұрағанын дүйім жұрт біледі. Халық әртісінің былыққа батып кеткенін сезді ме, әлде басқа бір себеп болды ма, Елбасы Жаманқұловтың үндеуіне назар аударған жоқ. Осыған ренжіген Жаманқұлов сот залынан жаза арқалап шыққан соң өзіне араша түспеген Елбасыға өкпелі екенін мәлімдеген. Енді ол осы мәселені қайтадан саясиландырғысы келіп жатыр. Оның айтуынша, заң бойынша өзінің қудалауға ұшырауына Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы себеп болыпты. Себебі ол екеуі Алматыдағы Жүргенов атындағы өнер академиясында бірге жұмыс істеп жүргенде араздасып қалыпты. Осыны кек сақтаған Арыстанбек Мұхамедиұлы министр болған соң астыртын қудалауға көшіпті-мыс. Әрине, Жаманқұловтың бұл сөзін қуаттайтын нақты дәйек жоқ.

 Ал «Феникс» атты қиял-ғажайып фильмін түсіреміз деп мемлекеттен бөлінген ақшаны талан-таражға салған фирманы Тұңғышбай Жаманқұловтың басқарғаны тергеу барысында да, сот процесінде де дәлелін тапты. Киноға бөлінген ақшаның мақсатсыз жұмсалып қолды болғанын Жаманқұлов та, онымен сыбайластық жасағандар да мойындады. Олардың жеңіл-желпі жазаға кесілуінің басты себебі де «қылмысты мойындап, өкініш білдіруімен» байланысты  болатын. Енді келіп, Тұңғышбай Жаманқұловтың «сүттен ақ, судан таза» кейіп танытып, дабыра жасап жатқаны тіпті күлкілі. Сірә, ол «Қолыңмен істегенді мойныңмен көтер», «Айтылған сөз – атылған оқ», «Ер жігіттің екі сөйлегені – өлгені» деген қазақтың аталы сөзін ұмытып кеткен сияқты.

Берік Мыңжасар

Айдары:  Түтін
15.06.17
882 оқылды

Пікір саны (1)

Тіркелмеген қолданушы

ойбай жаздым жаңылдым менен бір қателік кетті деп жылап жүрген Тұңғышбай батыр боп кетті ме

Жаңа пікірді жазу

  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Рұқсат етілген HTML тегтер: <a> <em> <strong> <cite> <code> <ul> <ol> <li> <dl> <dt> <dd>
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.

Пішімдеу нұсқаулары туралы толығырақ ақпарат

CAPTCHA
This question is for testing whether you are a human visitor and to prevent automated spam submissions.