Журналистер кәсіпкерге кедергі жасауды тоқтатпай жатыр

Журналистер кәсіпкерге кедергі жасауды тоқтатпай жатыр

Азаматтық істер жөніндегі Алматы қалалық апелляцилық соты кәсіпкерлер Ильхалид Кәкімжанов пен Зейнулла Кәкімжановтың талап-арызы бойынша 4 сәуірде шығарылған Алматы қаласы Медеу аудандық  сотының шешімін өзгеріссіз қалдырды. Ол шешім бойынша, «Автодорсервис» ЖШС-нің акционері Виталий Процентовтен, соның тапсырысын орындаған ratel.kz (менішік иесі «ИТАЮ»  ЖШС),  forbes.kz (менішік иесі «United Media Group» ЖШС) сайтарынан және сонда мақала жариялаған журналистерден әкелі-балалы Кәкімжановтарға моралдық шығын ретінде жалпы сомасы 50 миллион 200 мың теңге өндірілу тиіс еді. Бұдан басқа, сот Зейнулла Кәкімжанов пен Ильхалид Кәкімжановтың ар-намысы мен беделіне нұқсан келтірген ratel.kz  сайтында жарияланған 13 мақаланы, forbes.kz сайтындағы 9 мақаланы жою жөнінде жауапкерлерді міндеттейтін шешім шығарған. Апелляциялық сот инстанциясы бұған дейін жан-жақты зерттеу нәтижесімен шығарылған шешімді толық қуаттады. Бұл оқиға сөз бостандығын қару еткен  журналистердің мүдделі тараптың тапсырысымен әрекет етіп, заң шеңберінен шығып кеткенін дәлелдей түседі.

Бірақ екі сайттың да жетекшілері мен журналистері сот шешімін мойындап, оны орындауға асығатын емес. Қайта сот шешімінің әділеттілігіне күмән келтіріп, Кәкімжановтарды кекетіп-мұқатып, оларды қоғамға жеккөрінішіті жасаудың құйтырқы әдісін жалғастырып жатыр. Мысалы, ratel.kz  сайты осы іс бойынша Алматы қалалық сотының шешімі шыға сала Денис Кривошеевтің пікірін жариялады. Ең сорақысы сол, ол жазбасында бұл даулы істі бастан-аяқ қадағаламағанын, оның бүге-шігесін білмейтінін мойындайды. Солай бола тұра, Кәкімжановтардың моралдық шығыны ретінде сот белгілеген соманы тым көп екенін айтып, сот шешімін әділетсіз дейді. Ол дәл осындай сот шешімінің шығуына қандай фактордың әсер еткенін біліп отырған жоқ.

Бір жылдан астам уақытқа созылып бара жатқан бұл дауға көз жүгіртсек, ratel.kz және forbes.kz   сайттары Кәкімжановтарды қаралайтын отыздан астам мақала жариялады. Олар мұндай әрекетті істі қарап жатқан Медеу аудандық сотының судьясына қысым жасау үшін пайдаланып, ақпараттық шабуылды бір мезетке де тоқтатқан емес. Мәселенің ақ-қарасы анықталғанша кейбір мақаланы сайттан алып тастау жөніндегі судьяның ұйғарымына да құлақ асқан жоқ.

Ал Денис Кривошеевті әкелі-балалы Кәкімжановтарға төленуі тиіс моралдық шығынның қалай жұмсалатыны қатты ойландырады екен. Оның ойынша, егер Кәкімжановтар өздеріне төленетін моралдық шығынды қайырымдылық шарасына жұмсаса, онда мұның жарасы жеңіл. Денис Кривошеев бұл ақшаны халық болып жабылып жинап беруге жұртты шақырып отыр. Оның кекесінді бұл сөзі тіпті орынсыз. Біріншіден, Кәкімжановтар сот шешімі бойынша төленетін моралдық шығынды қалай жұмсайтынын өздері біледі. Жауапкер В. Процентовтің тапсырысы бойынша әрекет еткен ratel.kz және forbes.kz   сайттарының басшылары мен журналистерінің оспадар шабуылынан заң аясында қорғану үшін Кәкімжановтар қаншама күш, қаншама уақыт жұмсады. Мұның өтеуі болуға тиіс. Екіншіден, жауапкершілікке тартылған ratel.kz және forbes.kz   сайттарының басшылары мен журналистері жұрттан жылу жинап беретіндей мүшкіл жағдайда емес.  Даудың алғашқы кезеңінде - «Автодорсервис» ЖШС-нің екі құрылтайшысы (И.Кәкімжанов пен В.Процентов) арасындағы кикілжің басталғанда жауапкер В.Процентов өзінің есепшотынан 100 мың доллар және оған қоса 178 млн. теңге шешіп алған. Кейін ол бұл қаржыға үй-жай немесе қымбат көлік сатып алды немесе ақшаны басқа банкке апарып сақтауға қайта салды деген мәлімет табылмады. Қолма-қол ақшаға айналып, аяғы із-түссіз кеткен осы қаржыны ол Кәкімжановтарға қарсы ауқымды ақпараттық шабуыл ұйымдастыруға жұмсаған болуы кәдік. Себебі, осы оқиғадан кейін ratel.kz және forbes.kz   сайттары Ильхалид Кәкімжанов пен В.Процентов арасындағы дауға Зейнулла Кәкімжановты қосарлап, оған қарсы мақалалар тізбегін құшырланып жариялай бастады. Сондықтан, өтірік жыламсырап жүрген ratel.kz және forbes.kz сайттарының журналистеріне аяушылық болмауы тиіс.

«Автодорсервис» ЖШС-нің екі құрылтайшысы (И.Кәкімжанов пен В.Процентов) арасындағы дау шаруашылық ішінде күнде болып жататын кикілжің санатына жатады. Дауласушы екі тарап өзара келісе алмаған жағдайда мәселе заң бойынша сотта шешімін табуға тиіс болатын. Алғашында солай болды да. Бірақ, В.Процентовтің тапсырысымен дауға бүйірден қосылған журналистер мұны тіпті саясиландырып жіберді. Олар бұл дауға тіпті қатысы жоқ, өз алдына бөлек бизнес жасап жүрген Зейнулла Кәкімжановты қосып қойды. Олардың жаман ойы бойынша, бұрын мемлекеттік лауазымды қызмет атқарған З.Кәкімжанов әлі күнге тамыр-таныстығын пайдаланып, Ильхалид Кәкімжанов пен В.Процентов арасындағы даулы мәселеге ықпал етіпті-мыс. Екі сайтта жарияланған мақалаларға көз салсақ, З.Кәкімжанов «отбасылық клан», заңсыз әрекет етіп отырған топ құрып алғандай сипатталады. Мұның бәрі «бұрын шенеунік болған адам таза емес» деген негізсіз топшылау ғана.

Шындығында, Зейнулла Кәкімжанов – жаман аты шықпаған санаулы экс-шенеуніктердің бірі әрі бірегейі. Ол өзінің мемлекеттік лауазымды қызметі кезінде салық, кеден және қаржы жүйесін дамытуға көп үлес қосқан реформатор. Қазір де З.Кәкімжанов отандық ауылшаруашылығын дамытуға көп үлес қосып, өндіру және дайын өнім шығару бойынша табысты еңбек етіп келеді. Кеңес Одағының ыдыраумен қатар қирап кеткен жүзім алқаптарын қайтадан қалпына келтірді, оған жаңа технологиялар тартып, салалық шаруашылықты дамытып жатыр. Қысқаша айтсақ, Зейнулла Кәкімжанов нақты іспен шұғылданып, жақсы нәтиже көрсетіп жатқан қазақтың санаулы кәсіпкерлерінің бірі. Мұндай кәсіпкерлерді қолдау жөнінде мемлекет бірнеше бағдарлама жасаған. Оның қатарында кәсіпкерлердің шаруашылығын жөн-жосықсыз тексеруді шектеу, бюрократиялық кедергілерді азайту, рейдерлікке қарсы және басқа да шаралар да бар. Бірақ, жоғарыда сөз болған даулы мәселеден көріп отырғанымыздай, отандық кәсіпкерлердің жұмыс жасауына кейбір мүдделі ақпарат құралдары кедергі жасап жатыр. Тіпті, олар осы даулы мәселеге қатысты сот шешімін де қаперіне алғысы келмейді. Пайдакүнем журналистердің құлқынының арандай ашылып құныққаны соншалық, тіпті кәсіпкерлердің ішкі ісіне араласып, оларға да жемтік ретінде қарауды тоқтататын емес. Жазықсыз адамды қаралап, абыройдан жұрдай етуді көздейтін мұндай әрекетін олар «Журналистика – қоғамның санитары»,  «Конституцияда жазылған сөз бостандығына қауіп төнді» деген резеңкеше ары-бері созыла беретін әдемі сөзбен бүркемелеп қалғысы келіп байбалам салып жатыр. Шындығына келсек, журналист болсын, басқа болсын, заң алдында бәрі бірдей, заң бұзған әрбір адам жауапкершілікке тартылып, сот белгілеген айбын өтеуі тиіс. Сонда ғана бұл басқаларға өмірлік сабақ болады.

Ерасыл Бердібек

Айдары:  Дүрбі
14.06.17
1049 оқылды

Пікір саны (2)

Азамат

З.Какимжановка карсы шыгып журген уйгыр Арманжан Байтасов кой. Айдос Сарым араласкан жок. Айдоска жала жаппа. Ол Зейнулла аганы колдайды деп ойлаймын.

Тіркелмеген қолданушы

Мен зейнулланы ултшыл азамат казагымнын муддесин ойлаган жанашыр деп билем. Соган жебирейлер жабылып куртайын деп жатыр. Осы науканга Сапабек Асип жазушы агамыздын улы кослыганына Айдос Сарым ултшылымыздын косылып кеткен. Ар казах менин жалгызым деген жанашырлык кайда калды, алаштын улы улдары!

Жаңа пікірді жазу

  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Рұқсат етілген HTML тегтер: <a> <em> <strong> <cite> <code> <ul> <ol> <li> <dl> <dt> <dd>
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.

Пішімдеу нұсқаулары туралы толығырақ ақпарат

CAPTCHA
This question is for testing whether you are a human visitor and to prevent automated spam submissions.