Ораза ұстамағандардың ауызашарға баруға хақысы бар ма?

Ораза ұстамағандардың ауызашарға баруға хақысы бар ма?

Жақында бір таныс көкемнің үйінде өткен ауызашарға бардым. «Ниетіңізге рахмет көке, Оразаларыңыз қабыл болсын. Мен ауыз бекітіп жүрген жоқпын. Сол үшін рахмет, бара алмаймын», - деп қашқақтай беріп ем, ол кісі болмады. «Ауыз бекітпегенде не тұр. Өзім жақсы көретін інішегімсің ғой. Келмесең өкпелеймін. Келінді де қалдырмай ертіп кел. Не дәмнен үлкенсің бе?» – деп қиылып қоймады. Сосын, көңілін қимай кешкісін сол үйден табылдық. Біз барғанда үйіне біраз ер адамдар жиналып қалыпты. Содан келетін молданы күтіп отырып қалдық. Белгіленген уақытта қасында бес-алты нөкері бар жас молда да кіріп келді. Сонымен, ауыз бекіткендер оразаларын ашып, алдарына жайылған дастархандағы тағамдардан дәм татты. Одан кейін жас молда көпшілік үшін уағыз айтуға кірісті. Ол имандылық тақырыбына жарты сағаттай уақытын арнап, сөзінің соңында ауызашарға кімдердің келгені дұрыс деген сауал төңірегінде өз ойын ортаға салды.

-Ауызашарға кімдерді шақырған сауаптырақ? Қазіргі кезде көп адамдар ауыз бекітпейді. Берілетін сауабынан бейхабар ма, әлде Алладан қорықпай ма? Бұған уәж айтатын олардың себептері де мардымсыз. Ауыз бекітпеуге себеп болатын жағдайлар саусақпен санарлықтай ғана. Мысалы, асқазаны қатты ауыратын, тамақ ішпесе өліп кету қаупі бар адамдар, аяғы ауыр әйелдер, бала емізетін аналар, науқас адамдар, сапарда жүрген жандар, әлі жоқ қауқарсыз қарт адамдарға ауыз бекіту парыз емес. Бұлардан басқа қалған пенделердің барлығына ораза тұту парыз етілген. Жоғарыда айтылған белгілі себептері жоқ көп адамдар ораза ұстамай-ақ жүре береді. Онысы былай тұрсын, кешкі ауыз ашарлардан қалмайтынын қайтерсіз. Ауыз ашар жасағаннан кейін ораза ұстаса да, ұстамаса да көршіні, ағайын-туысты шақырмай тұра алмайсың. Ораза ұстамағанымен қоймай шақырылмай қалса өкпесі қара қазандай болатын жандарға қайран қаламыз. Ауыз ашар деген Алла разылығы үшін ауыз бекіткен жандардың ішіп-жеп қарнын тойдыратын кеші. Ал, онда себепсіз ауыз бекітпеген жандардың баруға хақысы жоқ. Тіпті, олар мұнда келгендеріне ұялулары керек. Ал, шындығына келгенде ауыз ашар жасаған үйдің дастарханынан тек ауыз бекіткендер ғана дәм татуға тиісті. Қысқасы, ауызашарға ауыз бекітпесеңіз бармай-ақ қойыңыз. Егер ауызашарға шақырса: «Ниет қабыл болсын!»-деген тілегіңізді айтып, шаруаңызды істеп жүре беріңіз, - деп молда сөзін бітірді.

 Айтып отырса оныкіде жөн сияқты. Бірақ, біз (ауыз бекітпегендер) ауызашарға тамақ сұрап барған жоқпыз ғой. Үй иесінің көңілін қимастан «дәмнен ауыз тиіңіздер» деген сөзін жерге тастамай келіп отырған жоқпыз ба? Байқап тұрсам, сол ауыз ашарда ауызы ашық бес-ақ адам болған екенбіз. Оның ең үлкені жасы жетпістен асқан, жақында ғана ауруханадан шығып, екі өкпесінен сары су алғызған кісі. Екіншісі сатыдан құлап белі жарамай қалған елу бестердегі кісі. Ал, төрде отырған алпыс бестердегі көкенің бір аяғы жарамайды, оның үстіне кемпірі қайтыс болып кеткен. Менің болса қан қысымым жоғары, қалтамнан дәрі үзілмейді. Ауыз ашар жасаған көкемнің көршілері сонау Атырауда вахтада жұмыс жасайтын жігіттер. Олардың мидай далада ыстық күннің астында ауыр жұмыста жүріп, ауыздарын бекіте алмайтыны өзінен-өзі түсінікті болса керек.

Сонда, «байдың асын байғұс қызғаныпты» - дегендей уағыз айтушы молда нені меңзеп отыр, осы. Сонда не, ауыз бекітпесе де жүрегі таза адамгершілігі мол ол байғұстардың өмірден озған ата-бабалардың рухына қол жайып, мінәжат етуге қақылары жоқ па? Жоқ, әлде олар басқа әлемнің адамдары ма? Онсыз да аз қазақты ынтымақ пен татулықтан ыдыратып, арасына от тастап, «ала қойды бөле қырыққан жүнге жарымас» - дегендей осындай жымысқы әрекеттен қашан арыламыз, ағайын.

 Ендігі жетпегеніміз қасиетті Ораза айында ауыз бекіткендер бір бөлек, ауыз бекітпегендер бір бөлек болып айтысып, бір-бірімізге қырғи қабақ таныта берсек, онда қандай халық болғанымыз?
Егер мұндай жағдай ушығып, өршіп бара жатса, онда ауыз ашар беретін үйдің маңдайына «Ауыз берік еместерге кіруге болмайды», - деп бадырайта жазып, қақпа алдына түсі суық қару ұстаған күзетшілерді тізіп қоюдан да тайынбайтын шығармыз. Ал, қазақ қонақжай халық, тіпті бұрын көрмеген адамы болса да Құдайы қонақпыз деп келген адамды қойын сойып күтіп жіберетінін өткен тарихтан жақсы білеміз. Сол пейілі дархан, жүрегі кең халықтың бүгінгі таңда тым ұсақталып бара жатқаны, әрине жақсылықтың белгісі емес. Осылайша, шақырған кісінің (қазіргі кезде шақырмаса ешкім де бармайды ғой) көңілін қимай ауыз бекітпегендерге ауыз ашарға келуге, тамақ ішуге болмайды деген сөзді естіп, маңдайымызға тас тигендей мәңгіріп, үйге қайттық.

Иә, көңіл бір атым насыбайдан қалады демекші, ендігі жерде бұндай жағымсыз қылығымызбен ешкімнің де табалдырығынан аттамайтын шығармыз, сірә! Ондайда ауыр сөз естіп ет жегенше, өз үйіңде уайымсыз-қайғысыз қара су ішкеніміздің өзі дұрыс емес пе? Бірақ, мен үшін жеген тамағымнан гөрі, өмірден озған әруақтарға арналған Құран ішінде болып, қол жайғанымның өзі көңіліме медеу болды... Ал, Сіздер де ауыз ашар қалай өтуде?

Орынтай Көмеков

(жазба автордың фейсбуктегі парақшасынан алынды)

Айдары:  Текемет
10.06.17
908 оқылды

Пікір саны (0)

Жаңа пікірді жазу

  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Рұқсат етілген HTML тегтер: <a> <em> <strong> <cite> <code> <ul> <ol> <li> <dl> <dt> <dd>
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.

Пішімдеу нұсқаулары туралы толығырақ ақпарат

CAPTCHA
This question is for testing whether you are a human visitor and to prevent automated spam submissions.