Қазақтар тайлы-тұяғымен Джеки Чанның шашбауын көтеріп жүр

Қазақтар тайлы-тұяғымен Джеки Чанның шашбауын көтеріп жүр

2017 жылдың 7-18 маусым аралығында Астанада өтетін Қазақстан-Қытай кинофестиваліне келген  киноактер Джеки Чанды қазақтар құрақ ұшып қарсы алды. Оны Астана әкімі Әсет Исекешевтің өзі барып әуежайдан күтіп алды. Қазақ телевизиясын дамыту тапсырылған "Қазақстан" республикалық телерадиокорпорациясының» президенті Ерлан Қарин де өзіне тиіс шаруаны былай ысырып қойып,  әлемге танылған актердің қасынан бір елі қалмай, соның көлеңкесіндей болып құрақ ұшып шауып жүр.  Мемлекеттік телеарналар  Джеки Чанның әрбір кездесуін тікелей эфирден көрсетті. «ҚазИнформ» сияқты  ақпарат агенттіктері  актердің тілмаш арқылы орыс тіліне аударылып жатқан әрбір сөзін сол мезетте қазақшаға одан әрі аударып, өзекті хабардай жылдам таратып жатыр.

Былтыр «ауылшаруашылық жерлерін сатуға да, жалға беруге де қарсымыз, себебі қытайлар жерімізді иемденіп кетеді» деп дабыл қаққан ұлтшыл патриоттық көзқарастағы белсенділер мен саясаттанушылардың да осы жолы болты босап қалды. Олар да  Джеки Чанға, оның Қазақстанға келуін ұйымдастырған Ерлан Қаринге қиылып құрмет көрсетіп, алғыс айтып жатыр.

Билікті жағалап жүрген блогер Сырым Абдрахманов «Голливудтан бастап Әлемдік киноиндустрия мен мәдениетке Қазақстанды мойындатқан біздің Димаш пен Нар Тұлғамыз Erlan Karin-ге разымын! Жарайсыздар.  7 миллиард 300 миллионнан астам xалқы өмір сүретін 197 мемлекеттің қатарынан суырылып шығып, Ерекеңнің шақыруымен Джеки Чанның Қазақ Еліне аттың басын тіреуі - тілмен айтып толтырсаң да ауызға сыймайтын үлкен іс, істі ауыздықтаған үлкен шаруа! Бүгін барша Әлемнің назары бізде!»  деп, тіпті шаттанып кетті.

Салмақты ой айтып жүрген саясаттанушы Ерлан Саиров  та  «Шынымды айтайын, керемет ұнататын актерым. Фанатымын деуге де болады. Бүкіл фильмдерінде адамға сүйіспеншілік бар тәрізді. Қош келіпсіз! Джеки Чан!!» деп алақайлай жөнелді.  

Бұл оқиға  «таза ислам» көзқарасындағы журналист Өркен Кенжебекке Пайғамбар тіріліп келгендей әсер етті. «Қазақстанға алғаш рет аңыз адам - Джеки Чан келді. Ертең түс қайта тірідей көруге ниеттіміз бұйырса» деп армандап отыр ол.

Қытайдан қатты қауіптеніп жүретін ұлтшыл патриот, шығыстанушы Расул Жұмалының да көңілінде қатқан көні жіпсіп,  иі жұмсарып қалыпты. Ол әлеуметтік желідегі парақшасында былай деп жазды: «Меніңше, Қазақ-Қытай ынтымақтастығы бүгінгі ашылған фестиваль нақышында жүрсе, құба-құп. Өзара сыйластық, түсіністік, жылы лебіз ахуалында. Өткен жолы Муззонға келіп, аузына келгенін көкіп кеткен ресейлік жұлдыздармен неткен айырмашылық! Ерекше ілтипат дәне алғыс қарапайым Джеки Чан мен Ерлан Қарин мырзаларға».

Басқалар Джеки Чанмен суретке түсіп, жаппай оны жарнамалап жатыр. Тіпті, Қытайдан келген оралмандарға қарасты ақпарат құралдары да  Джеки Чанның сапарынан бір кие іздейтін мақалалар беріп, мұны үлкен оқиғаға теңеді.

 Рас, осы бір дүрмекке сын көзбен қараушылар да бар. Олардың Джеки Чанды жарыса жарнамалап жатқан шуылдақ қазақтарды көріп, көңілі түсіп кетіпті.

Мысалы, дінтанушы Мұртаза Бұлытай Джеки Чанды қолпаштап кеткендерді қатты сынап тастады. Ол "Қытай десе ішкен асын жерге қоятын халге жетіпті ғой, сорлылар...» деп жазды.

Мектеп мұғалімі Өмір Шыныбекұлы «Астанада атақты әртіс Джеки Чанның жүргенін ойласаң ішің жылиды. Чанның түбі қытай екенін ойласаң ішің мұздайды» деп екіұшты пікір білдірді.

 

Желтоқсан оқиғасына қатысушы Құрманғазы Рахметов «Осындай көріністі көріп, қалайша тыныш отыра аласың» деп, Джеки Чанды қолдаушыларға қарсы ақпараттық шабуылды бастап кетті. Қысқартып айтсақ, ұлты қытай актердің Қазақстанға сапары өздерін қонақжай ұлт санайтын қазақтар арасындағы даулы әңгімеге ұласып барады. Мұның немен аяқталатыны әзірге белгісіз.

Берік Мыңжасар

Айдары:  Түтін
07.06.17
1090 оқылды

Пікір саны (0)

Жаңа пікірді жазу

  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Рұқсат етілген HTML тегтер: <a> <em> <strong> <cite> <code> <ul> <ol> <li> <dl> <dt> <dd>
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.

Пішімдеу нұсқаулары туралы толығырақ ақпарат

CAPTCHA
This question is for testing whether you are a human visitor and to prevent automated spam submissions.