Оспан батырға Сталин көмектескен

Оспан батырға Сталин көмектескен

Қазақстаннан тыс жерде өмір сүрген қазақ диаспорасының да бастан өткерген қилы-қилы тарихы бар. Соның бірі – Шыңжаң өлкесіндегі Алтай қазақтарының жергілікті билеушілерге қарсы көтерілісі.Бұл оқиғаның туындауына негізгі себеп, 1937-1938 жылдары Кеңес елінде жүргізілген репрессия науқаны 1938 жылдың соңын ала қытай қазақтары арасында да жалғасуы еді. Өйткені, ол кезде Шыңжаң өлкесін басқарушы өкіл Шен Шицай КСРО көсемі Сталиннің тапсырмасын орындаушы қуыршақ билік иесі болып саналатын. Бірақ, екінші дүниежүзілік соғыс басталған тұста Шен Шицай қамқоршылық танытып келген Кеңес елінен қол үзді. Себебі, ол бұл соғыста Кеңес армиясы сөзсіз жеңіледі деп ойлады. Сөйтіп, 1943 жылдың басында Шыңжаңда қызмет атқарып жүрген кеңестік мамандар мен әскери күштік құрылымдарын елден аластатып, оның орнына Чан Кайши басқарған гоминьдан әскерлерін енгізді.

Шығыс Түркістан өлкесін бақылау қолдан шығып бара жатқанын аңғарған Сталин өлкеде гоминьдан әскеріне қарсы тұрған жалғыз күш Оспан батырды қолдау қажет деген шешім шығарды. Бұл ойын жүзеге асыру үшін Шыңжаң-Алтай өңіріне шекаралас Моңғолияны пайдалануды көздеді. Оның сыртында, батыс шекарада пайда болған соғыс өрті араттардың да мазасын қашырып ығыр бола бастаған-тын.

Моңғолия басшысы Чойбалсан 1943 жылы КСРО Сыртқы істер министрі В.Молотовқа хат жолдап, батыс шекарадағы тұрақсыздыққа байланысты Қытай еліне ресми нота жолдауға рұқсат  сұрайды. 1943 жылдың 27 желтоқсанында Моңғолиядағы КСРО-ның Төтенше және өкілетті елшісі И.Иванов Үкімет төрағасы Чойбалсанға жолығып, оған «дереу келсін» деген Мәскеудің сәлемін жеткізеді. 1944 жылдың 14 қаңтары күні Мәскеуге табаны тиген Моңғолия басшысын КСРО Сыртқы министрлігіндегі Шыңжаң мәселесімен айналысушы В.Деканозов күтіп алады. Қаңтар айының 22-сі күні Шыңжаң мәселесі бо­йынша Молотов, Иванов, Чойбалсан үшеуін Сталин қабылдайды. Бұл басқосудан шыққан қорытынды: Шыңжандағы гоминьдан күшін әлсіретудің жолы Оспан бастаған көтерілісшілерді пайдалану дегенге тоқталады.

Сталин дереу армия генералы А.Антонов пен Забайкалье әскери округінің қолбасшысы М.Ковалевті шақырып алып, Чойбалсан арқылы Оспанға беретін қару-жарақтың мөлшерін айтып, дереу орындаңдар деген бұйрық береді. Сөйтіп, Сталиннің бұйрығы бойынша 1944 жылдың 28 ақпанында Моңғолияның батысы Қобда аймағының Алатөбе деген жерінде Чойбалсан мен Оспан жолығады. Бұл кездесу 3 сағат 30 минутқа созылған. Чойбалсанның қасында елші Иван Алексеевич Иванов бірге болады.

Оспан батырдың сарбаздары қабылдаған қару-жарақ туралы хаттамада: 1. Бесатар – 395. 2. Жеңіл пулемет – 30. 2. Ауыр пулемет – 6. 3. Граната – 2000. 5. Бесатар оғы – 200 000. 6. Автомат – 45. 7. Автоматтың оғы 100 000 деп көрсетілген. Осыларды өткізіп беруші ретінде хаттамаға Моңғолия Ішкі істер министрі Шағдыржап, генерал-майор Курбатов және Хасен Панатаров деген қазақ азаматы қол қойған.

Арада көп уақыт өтпей, яғни наурыздың 5-і күні маршал Чойбалсан көтеріліс басшысы Оспан батырмен екінші рет қайта жолығады. Бұл кездесудің хаттамасы қағазға түспеген. Бірақ, сол тұста Моңғолия Әуе күштерінің бас қолбасшысы, қазақ генералы Жайсанып (Зайсанов) Мүдәрісұлы ол екеуіне тілмаштық жасаған.

 

 

 Ертеңінде, наурыз айының 6-сы күні Чойбалсан Сталиннің атына бұйрықтың орындалғаны туралы: «Мәскеу. Жолдас Сталинге. Оспан туралы толық мәлімет алдық. Ол сөзге сараң, секемшіл, діндар, тақуа адам екен. Қару-жарақты түгел тапсырдық. Қатты риза болды. Оспан кешікпей Алтай аймағын гоминьдан әскерінен азат етуі тиіс...» деп сүйіншілеген радиохабар жіберген.

 

 

 

****

Мақаладағы фотолар, құрметті оқырман, Оспан мен Чойбалсанның кездесу кезінде түсірілген. Бұл суреттер Лхағасурен деген фототілшінікі. Осы кісіден фото-құжаттарды Баян Өлгейдегі тарихшы бауырымыз Ербол Доманұлы деген азамат бірнеше жылдың алдында қалап алған екен. Өткен ақпан айында Моңғолияға барған сапарымызда Ерболдың қолындағы сирек суреттердің оншақтысын біз қалап алған едік. Солардың бірнешеуін тұңғыш рет жариялап отырмыз.

 

Бекен Қайратұлы

«Егемен Қазақстан»
 

Айдары:  Текемет
25.05.17
1198 оқылды

Пікір саны (0)

Жаңа пікірді жазу

  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Рұқсат етілген HTML тегтер: <a> <em> <strong> <cite> <code> <ul> <ol> <li> <dl> <dt> <dd>
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.

Пішімдеу нұсқаулары туралы толығырақ ақпарат

CAPTCHA
This question is for testing whether you are a human visitor and to prevent automated spam submissions.