Пияз дауы: Мұхтар Тайжан жеңіліп қалды

Пияз дауы: Мұхтар Тайжан жеңіліп қалды

Кеше «Пияз дауы» бойынша Қапшағайда өткен сотта ұлтшыл патриот Мұхтар Тайжан жеңіліс тапты. Қапшағай қалалық соты Мұхтар Тайжанның жергілікті дихан Батырғали Әміреевтен миллиондаған теңге өндіріп беру туралы талабын қанағаттандырмай тастады.

Мұхтар Тайжанның сотқа берген алғашқы талап-арызы бойынша ол 2014 жылы Батырғали Әміреевке қолма-қол 5 млн теңге беріпті. Пияз және басқа да бақша өнімдерін егетін дихан бұл ақшаға Тайжанның қоймасына пияз әкеліп беруі тиіс екен. Бірақ соттың екінші отырысында Б.Әміреев бұл сомаға келісілген пиязды түгел Тайжанның қоймасына құйып бергенін тауар арту және оны қабылдау құжаттарын көрсетіп, М.Тайжанның талабы негізсіз екенін дәлелдеп берген. Бұдан кейін Мұхтар Тайжанның қорғаушысы Қарлығаш Сарыбаева өздерінде Б.Әміреевтің «М.Тайжанға 125 тонна пияз беремін» деген Батырғали Әміревтің бір жыл бұрынғы қолхаты бар екенін, соны ақшаға балап өндіріп беруін соттан өтінген. Судья талапкердің алғашқы арызында 125 тонна пияз жөнінде бір сөз болмағанын, оны қалайша ақшаға балап өндіру мәселесін түсіне алмайтынын жеткізген.

Дауды тез арада басқа арнаға бұруды көздеген заңгер Қарлығаш Сарыбаева Мұхтар Тайжанмен телефон арқылы кеңесіп, өздерінің талап-арызын өзгертетіні жөнінде сотқа жаңа өтініш тастады. Жаңа талап-арызды негіздеу үшін олар шұғыл түрде жекеменшік «WMConsulting» компаниясына 125 тонна пияздың әр килограммын 62 теңгеден есептеп, 7 млн 750 мың теңгеге бағалатып алыпты. Бұл сараптама үшін талапкер бағалаушы компанияға 77 500 теңге төлепті. Сондай-ақ, алғашқы арызда М.Тайжан өзінің қорғаушысына 600 мың теңге төлейтінін, осы және басқа да сот өткізуге жұмсаған шығындарын Б.Әміреевтен өндіріп беруді талап еткен. Жаңа арыз талапта әлгі 600 мың теңге азайтылып, 300 мың деп көрсетілді. Яғни, талапкердің жаңа арызы бойынша, Б.Әміреев М.Тайжанға 7750000+300000+77500+50000 (соңғы цифр сот өткізуге төленген шығын) ақша төлеуі тиіс екен. Бірақ сот М.Тайжанның бұл талаптарының бірде-бірін қанағаттандырмай тастады. Егер сот шешімін цифрмен тәпсірлейтін болсақ, Шеңгелдінің қарапайым диханынан миллиондаған теңге даулап алғысы келген ұлтшыл патриот пайда таппақ түгілі, керісінше 300000+77500+50000 теңге шығынға батып қалды. Бұл «Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп құлағынан айырылыпты» деген тәмсілді еске салып тұр.

Қапшағай қалалық сотының мұндай шешім шығаруын бірнеше себептермен түсіндіруге болады. Біріншіден, талапкер М.Тайжанның алғашқы арызында көрсетілген «Б.Әміреев менен 5 млн теңге алды, соны қайтармай жүр» деген сөз бекер болып шықты. Осыдан кейін талапкер алғашқы арызында көрсетілген мәселеге тіпті қатысы жоқ 125 тонна пияз жөнінде сөз қозғады. Сондай-ақ Тайжанның қорғаушыға жұмсадым деген 600 теңгесі өзгеріске ұшырап, 300 мыңға кеміп кетуі судьяның талапкерге күдіктене қарауына себеп болған сияқты. Екіншіден, жауапкер Б.Әміреевтің «М.Тайжанға 125 тонна пияз беруге уәде етімін» деген қолхатының қысымға шыдай алмай жазылғаны бұған дейінгі сот процестері кезінде айтылған. Солай бола тұрса да «Ер жігіттің екі сөйлегені – өлгені», «Айтылған сөз – атылған оқ» деген сөзді бойына сіңіріп өскен қарапайым қазақ диханы бұл қолхаттан ешқашан бас тартқан емес. Ол биылғы науқанда М.Тайжаннан 125 пиязды егістік басынан алып кетуін талай рет өтінген. Бірақ базарда пияздың арзандап кетуіне орай М.Тайжан алашағынан бас тартып келді. Бірақ ол сотқа берген жаңа талап-арызында Б.Әміреевті 125 тонна пияз беруден жалтарып жүрген адамдай етіп көрсетіп, мәселені бұрмаламақшы болды. Үшіншіден, М.Тайжанның тапсырысымен жасалған 125 тонна пиязды 7 750 000 теңгеге бағалау сараптамасы күмән туғызады. Биылғы науқанда пияздың бір килосының көтерме саудасы 10-18 теңге аралығында болды. Адамдардың өмір сүруі үшін ең қымбат қала саналатын Алматыдағы әлеуметшіл «Магнум» дүкенінде пияз бөлшек саудамен 45 теңгеден сатылып жатыр. Ал Тайжанның тапсырысы бойынша сараптама жасаған «WMConsulting» компаниясының пиязды 62 теңгеден бағалап отыр. Осы жағдайдың бәрі Мұхтар Тайжанның талап-арызына күмән мен күдікті күшейтіп, оған деген сенімді жоқ еткен секілді.

P.S. Қарапайым қазақ диханы мен көрнекті ұлтшыл патриот арасындағы дауыл сот процесі бастан-аяқ орыс тілінде өтті. Неге? Бұл тақырыпты «Пияз дауының» ерекше бір сипаты ретінде оңаша талқылауды жөн санап отырмыз.

Ораз Әлімбеков

Айдары:  Дүрбі
14.12.16
1161 оқылды

Пікір саны (3)

Тіркелмеген қолданушы

Ұлт жайын ойлаған болып, жеке басының қамын күйттеп жүргендер аз ба екен? Дәл солар атаққа ие болып, қуыс кеуделерін орден, медальдарға толтыруда. Қарапайым еңбеккерді қанау қашанда бітпек емес!

Тіркелмеген қолданушы

Муxтар алаяқ, қарапайым диxанды бопсалағанша , әкпеңді бопсаласашы ....

Тіркелмеген қолданушы

Сонымен тацжан оферист болып шыктыма

Жаңа пікірді жазу

  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Рұқсат етілген HTML тегтер: <a> <em> <strong> <cite> <code> <ul> <ol> <li> <dl> <dt> <dd>
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.

Пішімдеу нұсқаулары туралы толығырақ ақпарат

CAPTCHA
This question is for testing whether you are a human visitor and to prevent automated spam submissions.