«Пияз дауының» құпиясы ашылды

«Пияз дауының» құпиясы ашылды

Ұлтшыл патриот Мұхтар Тайжан мен Шеңгелді дихандары арасындағы «Пияз дауы» ушығып кетті. Шеңгелдінің төрт диханы «Тайжан бізден 120 тонна пияз алып, ақшасын бермей кетті» деп, ұлтшыл патриоттың үстінен полицияға арыз түсірген. Бұл іс бойынша тергеу-тексеру жүріп жатыр. Ал Қапшағай қалалық соты Мұхтар Тайжанның жергілікті дихан Батырғали Әміреевтен 5 млн теңге өндіріп беру туралы талабын қарап, екі мәрте сот отырысын өткізді. Мәселенің мән-жайына қаныққан судья алғашқы отырыста-ақ дауласушы тараптарды мәмілеге келіп, дауды өзара шешуді ұсынған. Бірақ мұндай мәмілеге баруға кейбір принциптік мәселе кедергі болып тұр.

 

Мұхтар Тайжанның сотқа берген талап-арызы бойынша ол Батырғали Әміреевке қолма-қол 5 млн теңге беріпті. Дихан бұл ақшаға Тайжанның қоймасына пияз әкеліп беруі тиіс екен. Талап-арызда осы міндеттеменің орындалмағаны айтылады. Сондықтан ол 5 млн теңгеге қоса өзінің мүддесін сотта қорғаған заңгерлеріне төлеген 600 мың теңге шығынды Б.Әміреевтен өндіріп алуды көздеп отыр. Бірақ сот процесі кезінде бұл талаптың бекер екені анықталды.

Кеше Қапшағайда өткен сотта Бартырғали Әміреев Мұхтар Тайжанмен арадағы келісім бойынша тек 5 млн теңге ғана емес, одан қолма-қол 10 млн теңге алғанын және бұл сомаға баланған пиязды түгел Тайжанның қоймасына құйып бергенін тауар қабылдау құжатарын көрсетіп дәлелдеп берді. Бұдан кейін Мұхтар Тайжанның қорғаушылары басқаша құбылып сөйлей бастады. Мұның мәні мынада: М.Тайжанның қолында «125 тонна пияз беремін» деген Батырғали Әміревтің бір жыл бұрынғы қолхаты (суретте) бар. Өзінің аты-жөнін атамауды талап еткен Тайжанның қорғаушы заңгері осы 125 тонна пиязды 5 млн-ға балап отырғанын айтып, құбыла сөйлеп кетті. Ал Батырғали Әміреев 125 тонна пиязды ақшалай емес, пияз күйінде қайтаратынын, о бастағы келісімнің солай болғанын айтады. Ол осы күзде Мұхтар Тайжанға хабарласып, егістік басынан берешек пиязды түгел тиеп алып кетуін бірнеше мәрте сұранған. Бірақ Тайжан одан бас тартқан.

Шеңгелді диханы Батырғали Әміреевтің Мұхтар Тайжанға берешек болған 125 тонна пияздың тарихы мынадай: 2014 жылдың көктемінде Мұхтар Тайжанның қоймасындағы сақтау технологиясы дұрыс жасалмаған пияз шіри бастайды. Мұны көрген Шеңгелдінің бірнеше жігіті шіріп жатқан пиязды сорттап, жарамдысын базарға шығарып сату жөнінде ұсыныс айтады. Бұл ұсынысты қойма қожайыны Мұхтар Тайжанға жеткізіп араағайындық жасаған Батырғали Әміреев. Әлгі жігіттер он күн бойы сасық қойманың ішінде еңбектеніп, шіріген пияздың ішінен іріктеп 60 тоннасын базарға алып шығады. Бірақ, қоймада ішкі тіні бұзылып кеткен пияз базарға жеткізілген соң бір-екі күнде өніп кетеді. Олар Тайжанға хабарласып, жағдайды баяндайды. Ал Тайжан өзінің бұған ешқандай қатысы жоғын айтады да, сорттаудан өткен барлық 125 тонна пиязды Батырғали Әміреевтің мойнына іліп, одан қолхат жазғызып алады. «Сол кезде өзіме қатты қысым түскен соң осындай қолхат жазып беріп едім. Бірақ мен бұл қолхаттан қашпаймын. Бірақ қарызымды қолхатта жазылғандай пияз күйінде қайтарамын» дейді Б.Әміреев.

 

 

Бұл даудың күрмеуі шешіліп, нүктесі қойылуына кедергі келтіріп тұрған бір гәп бар. Батырғали Әміреевтің айтуынша, одан Мұхтар Тайжан жария түрде кешірім сұрап, аяғына жығылуын талап етіп жүр. Дихан осылай жасаса, ұлтшыл патриот бәрін кешеді. Тіпті оған 125 тонна пияз да қажет емес. Бұл сөздің рас екенін Тайжанның қорғаушы заңгері де екеуара әңгіме кезінде растады. «Батырғали Әміреевтің «125 тонна пиязды келесі науқанда қайтарып берем» деген уәдесін қабыл алып, мәмілеге баруға дайынбыз. Бірақ ол Тайжаннан кешірім сұрауы керек. Біздің ұстаным осындай» деді ол. Бірақ сотта Б.Әміреевтің М.Тайжаннан кешірім сұрау мәселесі талқыланған жоқ. Себебі, М.Тайжанның талап-арызында ондай тармақ жазылмаған. Солай бола тұрса да сот арасында М.Тайжан Б.Әміреевтің жария түрде Фейсбук әлеуметтік желісінде кешірім сұрап, аяғына жығылуын талап етіп, әркім арқылы сөз салып, сәлемдеме айтып жүр. Батырғали Әміреев оның бұл талабын орындағысы жоқ.

«Мен одан кешірім сұрайтындай Мұхтарды балғаттап «әкең» дедім бе, «шешең» дедім бе?! Ар-намысына тиетін сөз айттым ба?! Не үшін кешірім сұрауым керек?!» деп таңырқайды ол. Бірақ Батырғали Әміреевтің кешірім сұрауы М.Тайжан үшін аса маңызды сияқты. Егер Б.Әміреев Мұхтар Тайжаннан жария түрде кешірім сұраса, онда «Пияз дауына» шатылған ұлтшыл патриот «айрандай төгіліп» жатқан абыройын сақтап қалуға карт-бланш алады. «120 тонна пиязымыздың ақшасын бермей алаяқтық жасап кетті» деп полицияға арызданып, іс аштырған Шеңгелдінің төрт диханының сөзіне күмән туғызуға мүмкіндік туады. Оның үстіне «Пияз дауы» кезінде Мұхтар Тайжанның лас бизнеспен айналысқаны, Алматының сарқынды жын-жыбыры жинақталатын Сорбұлақ суымен суарылып өндірілген, денсаулыққа өте зиян бірнеше мың тонна пиязды халыққа сатып жібергені жөнінде мәлімет айтыла бастады. Мұның бәрі өзін патриот санайтын қазақ ұлтшылын абыройдан жұрдай еткелі тұр. Саясатты бизнеске, бизнесті саясатқа айналдырып, екі қайыққа қатар аяқ артып алған ол осыдан қатты қауіптенеді.

Ораз Әлімбеков
Қапшағай қаласы

Айдары:  Дүрбі
09.12.16
3501 оқылды

Пікір саны (3)

кенесары

Әрбірің сөз айтқанда, ертең сол сөзіңнің өзіңе қайта айналып (қатты сөзің - тас болып, жылы сөзің - жылы самал болып), тиетінін ұмытпаңдар!

Тіркелмеген қолданушы

Мынау мухтар тацжан деген "ултшыл" ултты коргай ма, алде корлай ма? Ауылдын казактарына жала жауып, байып жур екен де. Арсыз болганыма сонша. Маскара екен!

Сұңқар

Көті ашылады ! саясатты бизнес жасаған ,, тайжанчик"

Жаңа пікірді жазу

  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Рұқсат етілген HTML тегтер: <a> <em> <strong> <cite> <code> <ul> <ol> <li> <dl> <dt> <dd>
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.

Пішімдеу нұсқаулары туралы толығырақ ақпарат

CAPTCHA
This question is for testing whether you are a human visitor and to prevent automated spam submissions.