Журналист Ерғалиева бұрынғы досын түрмеге қаматпақшы

Журналист Ерғалиева  бұрынғы досын түрмеге қаматпақшы

«Свобода слова» газетінің бұрынғы басшысы Гүлжан Ерғалиева өзінің бұрынғы досы, сырлас құрбысы Қарлығаш Жақиянованы түрмеге қаматуды ойластырып жатыр. Себебі, Қ.Жақиянова сот шешімін орындамай, Г.Ерғалиевадан қарызға алған 1 миллион доллар ақшаны қайтармай бұлталаңға салып жүр. Кейбір мәліметте сот шешімі шыққаннан бергі алты ай ішінде Жақиянова Ерғалиеваның есепшотына 200 мың теңге ғана аударғаны айтылады. Бұдан кейін Қ.Жақиянова қарызын өтеуін кілт тоқтатқан. Осы жағдайға ызаланған Ерғалиева сот шешімінің орындалмай жатқанына байланысты арызданыпты.

Гүлжан Ерғалиеваның айтуынша, 21 маусымда өткен сот процесіне Қарлығаш Жақиянованың өзі де келіпті. Ол тағы да Г.Ерғалиеваның 1 миллион доллардың қарызға емес, қайтарымсыз көмек ретінде берілгенін айтқан. Оның үстіне қазір Жақияновтар отбасының мұншама көп ақшаны Ерғалиеваға бере алмайтыны, өзінің де, күйеуі Ғалымжан Жақияновтың да, ұлдарының да жұмыс істемейтінін,  табыс таппай отырғанын, отбасы туған-туыстың көмегімен өмір сүріп жатқанын тіліне тиек етіпті. Тіпті Г.Ерғалиеваның миллиондаған долларды «табан ақы, маңдай терімен» еңбектеніп таппағанын, оппозициялық «Свобода слова» газетін саяси саудаға салып жібергені жөніндегі тарихи оқиғаға шегініс жасапты. Дәл осы тұста Г.Ерғалиеваның қаны басына теуіп қатты ашуға берілген сияқты. Себебі, «Свобода слова» газетінің 25 пайыз акциясын биліктегі біреулерге 2,5 миллион долларға сатып жібергенін, Жақияновтарға берген 1 миллион соның бір бөлігі екенін Г.Ерғалиева осы қыста өткен сотта мойындаған болатын. Бірақ оның оппоненттері «газет жүз пайыз Г.Ерғалиеваның иелігінде еді, ол газетті биліктің ықпалына жығып беру үшін 10 миллион доллар алды, Жақияновтар отбасына берілген 1 миллионды қайтарып алмаса да Ерғалиева кедей болып қалмайды ғой» деген болжам айтқан болатын. Міне осы оқиғаны Қарлығаш Жақиянова тағы да сотта қайталап, Г.Ерғалиеваның табысына күмән келтіргендей сөз айтқан.

Бұған қатты ренжіген Г.Ерғалиева Қарлығаш Жақияноваға қаратып «алаяқ», «оңбаған» деген сөздерді жаудырыпты. Екі әйелдің салғыласып ұрсуы шектен шығып бара жатқан соң, сот Г.Ерғаливаны залдан қуып шыққан. Мұның өзіндік себебі бар. Өйткені бұл процесс «Қ.Жақиянова Г.Ерғалиеваға қарыз ба, жоқ па?» деген сұрақты талқылауды мақсат тұтпайды. Бұл мәселе – Қ.Жақиянованың Г.Ерғалиеваға қарыз екені қыста өткен сотта анықталып қойған. Қазіргі сот процесі Қарлығаш Жақиянованың қыста өткен сот шешімін неге орындамай жүргендігі жөнінде болып жатыр. Бұл процесте екі тарап бар: бірі – сот шешімін орындамай жүрген Қ.Жақиянова, екіншісі – шешімді орындатуға жауапты сот орындаушылары. Бірінші тарап Г.Ерғалиевадан алған қарызын неге қайтармай жатқанының себебін түсіндіреді, сот орындаушылары Қ.Жақиянованың дүние-мүлкі, қаржысы бола тұра, қарызын қайтармай бұлталаңға салып, сот шешімін орындаудан әдейі жалтарып жүргенін дәлелдеуі керек. Егер сот орындаушылары өздерінің уәжін дәлелдеп шықса, онда Қ.Жақиянова қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Қылмыстық кодекстің осы мәселеге қатысты бабында түрме жазасы да қарастырылған. Сот бұл мәселені талдауды 12 шілдеге белгілеп отыр.

Қарлығаш Жақиянованың жағдайын қиындатып тұрған тағы бір гәп бар. Жақияновтар отбасы бұрынырақта Қытайды, кейінгі 3-4 жылда АҚШ-тың Бостон қаласын мекен етті. Журналист Г.Ерғалиева оларды сотқа берген кезде де олар шетелде тұрып жатқан болатын. Бірақ осы көктемде Қарлығаш Жақиянова Қазақстанға келген. Кейбір мәліметтерде соттың шешімі бойынша Г.Ерғалиеваға борышкер болып қалғандықтан Қарлығаш Жақияноваға елден шығуға тиым салынғаны айтылады. Егер алдағы сот процесінде Қ.Жақиянованың сот шешімін әдейі орындамай бұлтарып жүргені дәлелденсе, онда оны абақтыға жабу қиындық туғызбайды. Бірақ мұнымен мәселе шешіле қоя ма? Журналист Г.Ерғалиева берген қарызын қайтарып ала ма? Қазақтың «Жоққа жүйрік жетпейді», орыстың «На нет и суда нет» нақылы осындай жағдайда айтылған емес пе?!

 

 

Құрметті оқырман, Г.Ерғалиева мен Қ.Жақиянова арасындағы даудың бүге-шігесін білу үшін төмендегі сілтемелерді ашып қараңыз:

***Жақияновтың әйелі АҚШ-тан сәлем жолдады. «Ымды түсінбеген дымды түсінбейді»

***Гүлжан Ерғалиеваның ақшасын бермей жүрген «мистер Х» белгілі болды

***Жақиянова vs Ерғалиева: Миллион кімге бұйырады?

***Ғалымжан Жақияновты жауапкершілікке тартуға бола ма?

***Жақиянова мен Ерғалиеваның арасындағы дау қоғамдық маңызы бар мәселе ме?

***Миллион долларың болғанша...

 

Берік Мыңжасар

Айдары:  Түтін
23.06.16
1677 оқылды

Пікір саны (0)

Жаңа пікірді жазу

  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Рұқсат етілген HTML тегтер: <a> <em> <strong> <cite> <code> <ul> <ol> <li> <dl> <dt> <dd>
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.

Пішімдеу нұсқаулары туралы толығырақ ақпарат

CAPTCHA
This question is for testing whether you are a human visitor and to prevent automated spam submissions.