Адасқан Тайжан айналып «қазығын» тапты. Неге?

Адасқан Тайжан айналып «қазығын» тапты. Неге?

Жер комиссиясында салалық шенеуніктермен тізе қосып, әмпей-жәмпей жұмыс жасап жүрген Мұхтар Тайжан кенеттен қатайып алды. Ол жер мәселесіне қатысты арнайы мәлімдеме жасап, өткен аптаның соңында Алматы облысында өткен Жер комиссиясының кезекті 5-ші отырысын театр қойылымына балады. Егер комиссия жұмысын осылай жалғастыра берсе, «онда оның күздегі салдары өте ауыр болатынын» ескертті. Бұрын басты мәселеде нақты ойын айтпай бұлталақтап жүрген Мұхтар Тайжан енді «Жер сатылмасын, шетелдіктерге жалға берілмесін» деген қатаң позицияға көшіп алды. Оның аяқасты неге бұлайша құбылғанын әзірге дөп басып айту қиын. Дегенмен, бұл позиция оның түбегейлі тұжырымы болмауы да мүмкін. Себебі ол бұған дейін де талай рет айнып кеткен болатын.

Бір-екі жыл бұрын «саясаттан түбегейлі кеттім» деп мәлімдеме жасаған Мұхтар Тайжан осы жылдың көктемінде қайтадан саяси белсенділігін арттырды. Жер кодексіне енгізілген өзгерістерге (ауылшаруашылық жерлерін жекеменшікке сатуға және шетелдіктерге жалға беруге) қарсы митингілер өткізу жөнінде бастама көтерген «Алаш жолы» қозғалысын Мұхтар Тайжан да қолдап шықты. Бірақ ол біршама уақыттан кейін «Алаш жолының» митинг өткізу мерзімін бұзған саяси белсенді журналист Гүлжан Ерғалиеваның тобына қосылып кетті. «Алаш жолы» қозғалысының жетекшілері сол кезде-ақ Мұхтар Тайжанның «әлдебір тапсырмамен жүрген сұйық адам» екені жөнінде пікір айтқан. Шынында да, көп уақыт өтпей-ақ бұл шындыққа айналды. Мұхтар Тайжан Елбасының тапсырмасымен құрылған Жер комиссиясының құрамына кіріп алды.

«Алаш жолы» қозғалысының Мақсат Нұрыпбаев, Макс Боқаев сияқты бірнеше белсендісі Жер комиссиясының құрамы мен өкілеттік статусына көңілі толмай алқалы жиынды тастап шыққанда Мұхтар Тайжан комиссияның маңызын ерекше бағалап, онда жұмыс жасаудың жемісті болатынын айтқан. Тіпті ол митинг өткізуді қажетсіз деп тауып, Жер комиссиясын биліктің халықты диалогқа шақырған «ашық есігіне» теңеп,  «...осында сөйлесейік дегенде, енді есік ашылған кезде оны соғудың қандай мәні бар? Сол есікке кіріп, отырып, ой-тұжырымыңды айтуың керек. Есікті соққылап, «стоп-кранды» тартудың мәні жоқ, мен мұны барлығына айтып жүрмін» деп ділмәрсыған еді. «Жұмысымыздың нәтижесі жақсы болады деп сенемін. Себебі бұл тұжырымым комиссия жұмысымен негізделген. Қазір халық комиссияға зор үміт артып отыр» деп жұрттың алабұртқан көңілін де басқан. Енді ол үшін Жер комиссиясы «театр қойылымы» болып қалыпты. Ай мен күннің аманында қырық құбылатын оның бұл ісін қалай түсінуге болады?!

Жер мәселесіне қатысты жиындарда жұртты «қытай қаупінен» қорықпауға шақырған да  Мұхтар Тайжан болатын. Ол «Қытайды агрессиялық ел деп есептемеймін. Қытайларды қандай да бір жоспар құрып қойған агрессиялық халық деп есептемеймін. Меніңше, Қытай өзін әлем аренасында саудагер сияқты ұстайды. Яғни ол бізге ұсына алатын дүниесі болса - ұсынады, «сатып алу-сату» ұстанымы бойынша. Қытай зорлықпен әрекет жасамайды, жерді басып алмайды» деген еді. Тіпті, Мұхтар Тайжан ауыл шаруашылығын дамытуда жердің жекеменшікте болуының пайдасы жөнінде тұщымды пікірлер айтып жүрді. Енді келіп ол «Алаш жолы» қозғалысының о бастағы принциптік қатаң позициясына қайта оралып, «Жер сатылмасын, шелтелдіктерге жалға берілмесін» деп ұрандап отыр. Сонда оның қай сөзіне сенеміз?

Мұхтар Тайжанның бұлайша құбыла сөйлеуінің себебі жөнінде бір-бірімен байланысты екі болжам ғана айтуға болады. Біріншіден, Жер комиссиясында белсенді қызмет атқарған Мұхтар Тайжан радикал ұлтшыл патриоттар тарапынан қатты сынға ұшырады. Тіпті оған қатысты «ұлт мүддесін сатып кетті», «Тайжан - қытай лоббисті» деген ауыр сөздер де айтылды. Әсіресе, тілі ащы журналистер Геройхан Қыстабаев пен Гүлжан Ерғалиеваның сыны Мұхтар Тайжанның өңменінен өтіп кеткен сияқты. Осыған шыдай алмаған ол өзінің ұлтшыл позициясына қайта оралып, өткен істің бәрін жуып-шаймақшы, өзінің «ұлтшыл», «қазақ мүддесінің жанашыры» атағын сақтап қалмақшы. Екінішіден, Жер комиссиясының жұмысы аяқталып келеді. Енді ары кетсе, бір-бір жарым айда алқалы жиын өзінің кесімді шешімін шығаруы тиіс. Жер комиссиясының қорытынды жиынында «Ауылшаруашылық жерлерін жекеменшікке сату керек пе?» және «Оны шетелдіктерге жалға берген дұрыс па?» деген екі сұрақ талқыға салынады. Әрине, комиссия мүшелерінің дауыс беру қорытындысы бойынша бұл екі сұраққа да «иә» деген жауап алынатыны қазірдің өзінде белгілі болып қалды. Себебі комиссия мүшелерінің түгелге жуығы Жер кодексіне енгізіліген өзгерістерді қолдап отыр. Олардың қатарында патриоттық көзқарастағы зиялы қауымның бір парасы бар. Мұндай жағдайдай комиссия құрамындағы Тайжан сияқты ұлтшыл патриоттар жұрттың көзіне жаңа Жер кодексін қолдап шыққандай болып көрінетіні белгілі. Бұл комиссия құрамындағы ұлтшылдардың «ұлтшыл» деген  атағына кір келтіретіндей жағдай болып тұр. Сондықтан, қазір олар өздерін қолдайтын жұрттың сенімінен туалай айырылып қалмау үшін «Жер сатылмасын, шетелдіктерге жалға берілмесін» деген сөзді неғұрлым қатты айқайлап айтуды бастайды.

Берік Мыңжасар

Айдары:  Дүрбі
21.06.16
6687 оқылды

Пікір саны (17)

Фарида Расулова

Мына мақаласымақтан "күндес қатындардың" өздері құрастырған сасық пиязы сияқты өсектері сасып- мүңкіп тұр, фу!(((

Anonymous

Мына мақаласымақтан "күндес қатындардың" өздері құрастырған, сасық пияз сияқты өсектері сасып-мүңкіп тұр, фу!:(((

Тіркелмеген қолданушы

Н.Қошаманұлы, Тайжан "адасып барып, қайтадан үйірін тапты" деу - үлкен қате. Бұл жігіт ешқашан адаспайды, ол әрқашан "желдің ыңғайына" қарай еш қатесіз қимылдайтын өте әккі әртіс. Егер 26-шы бапқа байланысты халық өре түрегеліп, қарсы шықпаса, мұның бұған дейінгі елге "басу айтып, "тыныштандырған", яғни таза биліктің ыңғайындағы жайбарақат қалпы да өзгермес еді. Ал, халық дүрліге бастағанынан сескенген билік қазір тағы да оны "халық өкілі" ретінде алдына шығарып, басқаша сөйле деген тапсырыс беріп елі, ол дереу аунап түсіп, қарама-қарсы мағынада сайрай бастады. Жалпы Тайжан өзінің дәл осы "тактикасының" арқасында соңғы кезде билік үшін таптырмайтын кадр дәрежесіне ие болған "тұлға". Әлі көрерсіңдер, бұл осы қарқынымен билік баспалдағының талай сатысына өрмелеп шығады...

Н.Қошаманұлы

Адасқанның айыбы жоқ, қайтып қазығын (үйірін) тапқанға.

Тіркелмеген қолданушым,Шындәулет,

Берік Мыңжасар, сен ылғи ел патриоттарын жамандаумен жүресің. Себебі не? Менің байқауымша сен солардың басып кеткен ізіне де жетпейсің-ау деймін. Сондықтан Серкені жұрттың көпшілігі жақтырмайды. Менде біраздан бері қарамап едім, тек әйтеуір бүгін не жазып жүр екен деп көз жүгіртіп едім. Тағы пықсытып қойыпсыңдар.Тұрақты пікір,айтар ойларың жоқ. Жұртты қатынша жамандаудан басқа талаптарың да жоқ.

кек

МУХТАР АНА ТІЛІН ЕНДІ ИГЕРІП КЕЛЕ ЖАТЫР ОЛ О БАСТА БҰЛ ТУРАЛЫ АЙТҚАН, АСФАЛЬТТА ӨСКЕНІН ДЕ АЙТҚАН. ОСЫҒАН БАЙЛАНЫСТЫ ҰСТАНЫМЫН ӨЗГЕРТУ СЕБЕБІ ЭКОНОМИСТІК КӨЗҚАРАСЫНА ҰЛТТЫҚ СЕЗІМІ МЕН ІШКІ ЖЕРІНЕ ДЕГЕН СҮЙІСПЕНШІЛІГІНІҢ ЖОҒАРЫ ТҰРУ ЕКЕНІН ЕСКЕРУ КЕРЕК ОЛ ТҮГІЛ БАСҚА ОНЫҢ БАСҚАН ІЗІН БАСА АЛМАЙТЫНДАР ДА КӨСЕМСІП ЖҮР ЕМЕСПЕ САЙҚЫ МАЗАҚ МИНИСТРЛЕРГЕ ҚАРАҒАНДА МҰХТАР АЗАМАТ ЕКНІН ДӘЛЕЛДЕГЕН БІРЕУДІҢ ТАПСЫРЫСЫМЕН БҰЛ ЖІГІТКЕ КҮИЕ ЖАҚПАҢДАР.

Тіркелмеген қолданушы

ҚАЗАҚТЫ ҚАЗАҚҚА АЙДАП САЛУДЫ ҚАШАН ҚОЯСЫҢДАР?

ТАУ ҚЫРАНЫ

МҰҚТАР! ӘР ҚАДАМЫҢА ЖАУАП БЕРЕТІН УАҚЫТ КЕЛЕ ЖАТЫР! САЯСАТТАН КЕТТІМ ДЕДІҢ? ШЕҢГЕЛДІДЕ БАТЫРҒАЛИДЫ ЛАҚТЫРҒАНЫҢ БОЛМАДЫ...ЖҮРГЕН ЖЕРІҢДЕ ШУ КӨП! СЕН БИЛІКТІҢ ҚУЫРШАҒЫСЫҢ, ӨЗІҢ БІЛІП ОТЫРСЫҢ! ОЙЛАН!

Түңілген

Ол «Қытайды агрессиялық ел деп есептемеймін. Қытайларды қандай да бір жоспар құрып қойған агрессиялық халық деп есептемеймін. Меніңше, Қытай өзін әлем аренасында саудагер сияқты ұстайды. Яғни ол бізге ұсына алатын дүниесі болса - ұсынады, «сатып алу-сату» ұстанымы бойынша. Қытай зорлықпен әрекет жасамайды, жерді басып алмайды» деген еді.
**************************************************************

"Менікі де апамдікіндей",-демекші, мен де Мұхтар айтқан сияқты ойлаймын.
Бірақ, бұл сөздер, "Қытайға немесе басқа шетелділіктерге жер сатылсын немесе жалға берілсін",- деген сөз емес қой.
Жер комисиясы құрылды. Комиссияда жер қатынастарын қалай реттеу керек, ауылшаруашылықтарын қалай дамыту қажеттіктері бойынша әрбір адам ойларын ортаға салу керек. Есін білмейтін бала сияқты,"маған дереу бере қоймадың, аузыма сала қойиадың",-деп, шалқасынан құлап, бақырып жыламай, сабыр сақтап, істің артын бағу керек қой. Егер, комиссияда "жер сату", "шетелдіктерге жерді жалға беру"- деген пәле үстем болса, пожалуста, митингуй!
Ал, менің талабым: жер ешкімге де сатылмауы керек, "жер саудасы"- деген түсінік немесе термин болмауы керек. Шетелдіктерге жалға да берілмеуі керек. Қазақстан азаматтарына он-он бес жылға уақытша тегін, бірақ белгіленген шарттармен берілуі керек. Егер, тегін берілген жерді уақтылы және қажетті іске пайдаланбаса, онда ірі көлемде айыппұл салып, жерді мемлекетке қайтарылуы керек.
Қытай инвистиция әкелсін. Бірақ, Қазақстан азаматының уақытша тегін алған жерін Қазақстан азаматымен бірге пайдаланып, түскен пайданың белгілі бір пайызын алсын.

Тайғанақ Тайжан

Онық негізгі ұстанымы - тайғанақтылық! Ал Өзін Наполеон санайды!

Тіркелмеген қолданушы

Бұл Мұхтар комиссия жұмысының басында министрлер мен депутаттарға біртіндеп кіріп шыққан соң "жерді қытайлықтарға жалға беруге болады екен" деген сөз айтып жүріпті. Оны есіткен М Шаханов Тайжанды кезекті комиссия отырысының алдында көре салысымен айғайлап "әй сары тышқан, бері кел. Не деп жүрсің сен?" деп, ит терісін басына қаптапты. Ал сондағы тағы басқа біреу "Мұхтар сені Алматыда, аэропортта желтоқсаншылар күтіп жүр. Жерді қытайлықтарға жалға беру керек дегенің үшін артыңды айырмақшы" деп қорқытады. Тайжанның көзі шарасынан шығып кетіпті. Қорыққанынан кекештеніп бір сағаттай сөйлей алмапты. Содан Комиссия отырысы басталып кетеді. Мұхтар "жерді қытайлықтарға жалға беруге болмайды" деп сайрап отыр дейді. Әлгі министрдің де, депутататың да ауыздары ашылып қалыпты.

атыраудан

тайғанақ Мұқтарға ең дұрыс "диагноз" жазғаныңыз үшін риза болдым сізге! сау жүріңіз! <3

Ербол Уркиянов

Пікірі өзгере береді, неге тұрақты бір пікірді ұстап тұрмайды Тайжан? Әлде бойында қызуқандылық бар ма?!

Жангулим

Тайжанның тайқыды деуге болмайды, оның позициясы басынан солай болған.

Асылзат

Мұхтар аға халықтың сөзін сөйлеп, халықтың тілегін орындауға барынша тырысып жатыр.

Нұрлыбек

Мұхтар Тайжанның халықтың жанашыр азаматы. Оны комиссияда сөйлеген сөздерінен байқауға болады.

Тіркелмеген қолданушы

Солай болад!!!

Жаңа пікірді жазу

  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Рұқсат етілген HTML тегтер: <a> <em> <strong> <cite> <code> <ul> <ol> <li> <dl> <dt> <dd>
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.

Пішімдеу нұсқаулары туралы толығырақ ақпарат

CAPTCHA
This question is for testing whether you are a human visitor and to prevent automated spam submissions.