Мақтангершілік машақаты

Мақтангершілік машақаты

Дүкенге бас сұқсақ, сатушы Күләндә жеңгемізге тауарын қарызға бергісі келмей қиналып, кежегесі кейін тартып тұр екен.

-Түсінші, төрем! Алдымен сендердің қарыздарыңнан құтылайыншы-ақ деп едім, қанша тырыссам да бір сәті болмады. Өткен айда Меңдібайдан бір жілік жылқының етін жеп ек, қақшаңдап поштаға менен бұрын барып, пенсия беретін баланың алдында көлденеңдеп қаздиып тұрып алыпты. «Құдайға шүкірлік айт, бізге қарағанда тіршілігің тәуір, ақшаны күнде санап жүрген жігітсің ғой, қарызыңның жартысын келесі айға қалдыр» дегеніме көнбей,  бірбеткей неме ақшамды қолыма жөндеп ұстатып та үлгертпей түгел сыпырып алғаны. Көшіп бара жатқан жоқпыз ғой, жағдайымызды түсінерсің деп, бетімнің суын бес төгіп, тағы өзіңе кеп тұрмын,– деп жеңгеміз өлердегі сөзін айтты. Дүкенші де илікпеді, қабағын ашпай түнеріп алды.

-Қарызды сүйреткендеріңізге бір емес, екі айға кетті ғой, ойлансаңыздар қайтеді?! Дүкенді заттарымды жұртқа жапа-тармағай тегін тарату үшін ашып отырған жоқпын. Біздікі де күн көрістің қамы, жұрттың бәрін өзіңіздей көрсеңіз болады ғой, – деп кейіп салды. Әншейінде адуынды көрінетін жеңгеміз әпсәтте көзімен жер шұқып, адам аярлық мүсәпір күйге түсті.

Әдетте ауыл іші аралас-құралас, жүз таныс болғандықтан дүкеннен қалаған затыңды қарызға алу қиындық тудыра қоймайтын. Дүкенді көтеріп кетсең де, «қайда барар дейсің, ауыл адамы ғой, ақысын әйтеуір бір қайырар» деп ойлайтын болу керек, затының өткеніне дүкенші балаша қуанып қалатын.  Дүкеншінің аяқасты пысықсынған мына түрін түсіне алмай, бір жағынан жеңгеміздің жайына көңіліміз бірге құлазып, ауыз ашпай қарап тұра алмадық.

-Бермей, қайда барады інім. Жеңешеңді мына жерде ұялтып, көңілін қалдырма! Бұ заманда мұғалімнің мойнынан өтер жуан мойын жоқ шығар, алда-жазда қашқақтап, ұстатпай бара жатса, қарызын біздің есебімізге жаза саларсың, інім,- деп едік, дүкеншінің қабағы ашылғандай болды.

-Қарыз бермей жүргенім жоқ қой, ағай. Тауарымыздың өткені бізге де жақсы. Бірақ, қарызды алып алады да, ақшасын бермей ит құсатып артынан жүгіртетіні жаман. «Жүре берсең, көре бересің» демекші, енді-енді біліп-түсініп  жатырмын. Кейбіреулер ақшасы бола тұра «дүниемізге көз тимесін, сұғы қадалмасын» деген қулықпен әдейілеп кеп қарыз алады екен. Мысалы, мына Күләндә жеңшемнің үйіндегі көкемде ақша жоқ деп кім айтады?! Әнеубір күні Құлажанның кіші баласынының келін түсіру тойындағы беташарда сол көкемнің  салымы көрімдік бәңкінің алды болды деп жұрт шулап жатыр. Ақшасы болмаса, бүтін екі мыңды бәңкіге тастай салмайды ғой. Ал жеңгеміздің тұрысы мынау, – деп дүкенші қолын жайып қулана жымиды. Бұған жеңгеміздің жауабы дайын екен.

-Е, бәсе, неге тырыса қалды десем, жұрттың желдірмесін шын көріп қалған екенсің ғой, қайным. Құдай ақы шыным, оның бәрі бекер, бос сөз! - деген жеңгеміз жайылып түсіп, әңгімесінің тиегін ағытты.

-Үйдегі көкелеріңе «тойыма бармады» деп өпелейтіндей Құлажан жоқ. Ол көкеңнің дос-жараны, жақын-туысы, екі туып бір қалғаны емес. «Ауылдаспын деп емешегің езіліп бара жатса, құтты болсыныңды бір жолыққанда айта саларсың. Бүгін күн жексенбі екен. Мен жақсылап ет аса берейін, сен осыны пайдаланып балаларға бас-көз болып, жабылып қойдың көңін ойып тастаңдар» деп, осынша қиылдым көкеңе. Тыңдады ма?! Адамбысың, итпісің демеді. Сонау ауылдың басындағы Құлажанның тойына біреу бірдемесін суытып дайындап тұрғандай-ақ, ай-шайға қарамай тартты да кетті. Жайшылық болса, мейлі екен-ау, жер лайсаң, қар аралас жаңбыр жауып тұрғанына да қарамады. Әй, өзіне де обал жоқ! Бүрсеңдеп, жаяу-жалпылап жеткен мұны Құлажан үйіне кіргізер-кіргізбес былай шығарып алып, жағасынан алғандай қылып, «Беташар бәңкіге қанша тастамақ ойың бар?» деп сұрапты өткізіп қойғаны бардай. Көкеңінің аржақ-бер жағынан заһар тілін сұққылап тәлкектепті. Біздің үйдегі кісі «Үлкен балаңызға келін түсіргенде  беташарына 200 теңге тастап жоралғысын жасағам, енді мына тойыңызға жақсы тілегімді айтып, ниетімді білдірсем одан артық не керек, көке!» - деп еркелемек болған екен. «Онда сен былай істе, қайтарам десең, кейінірек бере жатарсың, қайтармасаң, жүдә сұрамадым. Мынаны бүктеместен жұртқа әдемілеп көрсетіп, жәйлап бәңкіге таста» деп қолына тұтас екі мың теңге ұстатыпты. Ішкені алдында, ішпегені артында, Құлажан кісіге не қат десеңші! Сондағы сасық ойы – беташарда жұрттан көбірек ақша жинап алып, елге «сыйлы, құрметті, ардақты адам» боп көріну. Оны мен екеш мен де үйде отырып-ақ біліп тұрмын. Айналайын қайындарым-ау, заман не боп барады?!.,-деп күңіренді Күләндә жеңгеміз...  

Соңғы кездері «Құбылыс», «Аңыз адам», «Алаштың ардақтысы» және тағы басқа атауынан ат үркетін атақтарды түрлі айла-шарғымен жігін білдірмей өз-өзіне жапсырмалап, қазақ тілді ақпарат құралдарынан нанын тауып жүрген бірсыпыра азаматтардың ісіне жұрт жаппай қынжылыс танытып жүргенін білуші едік. Күләндә жеңгеміздің әңгімесін тыңдап тұрып, «Әттеген-ай-ә, өздеріне сай келсін-келмесін бедел жинап жанталасып жатқан оқыған-тоқығандардың айла-шарғысын алыстағы ауылдың қарапайым адамдары да үйреніп алған ба?!» деп таңданып қалдық.

Сәкен Түсіпбек

Айдары:  Текемет
18.03.15
5155 оқылды

Пікір саны (0)

Жаңа пікірді жазу

  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Рұқсат етілген HTML тегтер: <a> <em> <strong> <cite> <code> <ul> <ol> <li> <dl> <dt> <dd>
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.

Пішімдеу нұсқаулары туралы толығырақ ақпарат

CAPTCHA
This question is for testing whether you are a human visitor and to prevent automated spam submissions.