Қытайдан қашқан екі қазақ босқын мәртебесін алды

none

2019 жылы Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданы арқылы қазақ-қытай шекарасын заңсыз кесіп өткен Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлы Қазақстаннан бір жылға босқын мәртебесін алды. Олар – Шыңжаңдағы қысымнан қашып, Қазақстаннан босқын мәртебесін алған алғашқы этникалық қазақтар.

Шыңжаң қазақтарына бір жылға босқын мәртебесін беру шешімін 16 қазанда Ақмола облысы полиция департаменті Көші-қон қызметі жанынан құрылған комиссия қабылдаған.

Комиссия Мұсаханұлы мен Әлімұлына бір жылға босқын мәртебесін беру туралы шешімді қабылдағанда олардың "Қытайдан кету себебін" есепке алып, Қазақстанның "Босқындар туралы" заңына сүйенген.

Шешімде олардың "тұрақты мекенжайынан кету себебі" ретінде "ұлтына, дініне қарай Қытай билігі тарапынан қысым көру. Қамап тастады. Азапқа салды. Босап шыққаннан кейін қайтадан лагерьге шақырып алды" деген сөздері көрсетілген.

31 жастағы Қастер Мұсаханұлы мен 26 жастағы Мұрагер Әлімұлы Шыңжаң өлкесіне қарасты Тарбағатай аймағы Дөрбілжін ауданында туып өскен. Екеуі де отбасылы. Олар бұған дейін Қытайда қысымға ұшырап, түрмеге түскендерін, онда азаптауға ұшырағандарын, сондықтан қашуға бел буғандарын айтқан еді.

Мұсаханұлы мен Әлімұлы 2019 жылдың қазан айының басында Шыңжаң өлкесі Дүрбілжің аймағынан жолға шығып, Қазақстан шекарасынан заңсыз өткен. Әуелі Шығыс Қазақстан облысына тап болған, кейін Алматыға жеткен. 14 қазанда Алматыда өткізген баспасөз мәслихатында "Қытайдағы қысымнан қашып келгендерін" мәлімдеп, Қазақстаннан босқын мәртебесін сұраған.

Кейін екеуін Қазақстан билігі жауапқа тартты. Қаңтарда Шығыс Қазақстан облысы Зайсан аудандық соты екеуін "мемлекеттік шекараны бұзып өткені үшін айыпты" деп танып, бір жылға бостандығынан айырған. Түрмедегі күндерінің басым бөлігі екі күн деп есептеліп, олар 22 маусымда Семейдегі түрмеден бостандыққа шыққан. Кейін Қазақстан оларға "Пана іздеуші куәлігін" берген еді. Куәліктің уақыты 20 қазанда бітуі тиіс еді.

Қазір Қастер мен Мұрагер Алматы қаласында тұрып жатыр. Осы қалада уақытша тіркеуге тұрғандарын айтады.

Айдары: Текемет 19.10.2020 66

Қатысты мазмұн